Бүгін Қызылордада футболдан Қазақстан біріншілігінің екінші лигасында финалдық дода басталды. Сыр төрінде 12 команда теңбіл доп додасын қыздырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бүгін Қызылордада футболдан Қазақстан біріншілігінің екінші лигасында финалдық дода басталды. Сыр төрінде 12 команда теңбіл доп додасын қыздырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
18 қыркүйекке дейін созылатын финалдық додада екінші лиганың 12 командасы бірінші лигада өнер көрсетуге құқық беретін жалғыз жолдамаға таласады. Әу баста шешуші сында қатысуға ниет білдірген командалар саны 16 болатын. Алайда әртүрлі себептерге байланысты төртеуі бас тартып, Сыр еліне келмей қалыпты.
Енді 12 команда екі топқа тең бөлініп, додаға түсуде. Әрбір алтылықта топ жарған командалар финалда жалқы жолдаманы сарапқа салады. Ал финалда бақ сынап жатқан командалар тізімі төмендегідей:
І-топ: "Байқоңыр" (Қызылорда), "Жетісай" (Жетісай), "Трактор" (Павлодар), "Водник" (Алматы), "Рузаевка" (СҚО), "Пронет" (Ақтөбе).
ІІ-топ: "Шалқар" (ОКО), "Қызылжар" (Петропавл), "Вест-Кроун" (Ақтөбе), "Шымкент" (Шымкент), "Каспий" (Ақтау), "Каспи банк" (Алматы).
Мамандардың пікірінше, жалқы жолдаманы "Байқоңыр" командасының жеңіп алуы әбден мүмкін. Оған мүмкіндіктері де мол, қабілеттері де жетуі керек сияқты. Алайда "Шалқар" мен "Вест-Кроун" футболшылары да жеңісті қолдан бермек емес, финалдық додаға бірінші орынды иеленуді мақсат тұтып келген көрінеді. Басқа командалардың да серуендеу үшін келмегені аян. Ендеше, әліптің артын тосайық.
Шешуші сынның топтық кезеңіндегі ойындар таңертеңгі сағат 9:00-ден түскі 15:00-ге дейін созылады. І топтың матчтары "Локомотив" стадионында, ал ІІ-топтың додасы Назарбаев атындағы зияткерлік мектептің алаңында өткізіліп жатыр.