Футболдан Қазақстан құрамасы "Астана Аренада" әлем чемпионы Франциядан жеңілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Футболдан Қазақстан құрамасы "Астана Аренада" әлем чемпионы Франциядан жеңілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ойын 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында өтті. Бұл матчқа былтыр допинг дауынан кейін футболдан шеттетілген Бауыржан Исламхан мен таяуда жарақат алған Бахтиер Зайнутдинов қатыса алмады. Былтыр өткен кейінгі матчпен салыстырғанда Қазақстан құрамасының негізгі құрамында тоғыз ойыншы ауысқан. Биыл 40 жасқа толатын Александр Мокин араға ұзақ уақыт салып құрамаға оралды.
Ал француздар сапында әлемнің ең қымбат ойыншысы Килиан Мбаппе қосалқы құрамда қалды. Есесіне "Манчестер Юнайтед" футболшылары Поль Погба мен Антони Марсьяль, "Барселона" ойыншылары Усман Дембеле, Клеман Ленгле мен Антуан Гризманн негізгі құрамда шықты.
Матч басында қазақстандықтар белсенді ойнап, 2018 жылғы әлем чемпиондары қауіпті шабуыл жасай алмады. Үзіліске дейін Франция құрамасы қауіпті екі соққы жасаған - екеуі де голға айналды. 20-минутта қараусыз қалған Усман Дембеле айып алаңына енер тұста алыс бұрышты дәл көздеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ал 44-минутта бұрыштан әуелеген допқа талас барысында Сергей Малый өз қақпасына гол соғып алды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Екінші таймда да қонақтар жиі шабуылдады. Мокинге командасын бірнеше рет құтқаруға тура келді.
74-минутта бас төреші Қазақстан қақпасына пенальти белгіледі. Нүктеге ойынға тыңнан қосылған Мбаппе келген. Бірақ франциялық шабуылшының соққысын Мокин қайтарды.
Матч соңына дейін есеп өзгермей, француздар пайдасына 2:0 есебімен аяқталды.
Осы ойыннан кейін Қазақстан құрамасы 0 ұпаймен D тобында соңғы орында тұр. Іріктеуде екі ойын өткізген француздар көш басына шықты. Босния және Герцеговина, Финляндия мен Украинаның еншісінде бір ұпайдан бар. Бүгін Украина мен Финляндия құрамалары кездеседі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!