Реклама +7(700) 388 81 09
  1. Басты
  2. Қара

Бұрын атқора болған. Қазақстандағы жалғыз қатаң режимдегі әйелдер колониясы

Қазақстан бойынша жалғыз қатаң режимдегі әйелдер колониясы Шымкентте орналасқан. Бұрын бір кездері бұл орын атқора болған, кейінірек ол жөнелту
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Vkontakte
  • Facebook
  • Twitter
  • Одноклассники
  • Telegram
Новостью поделились: человек
  • Қате таптыңыз ба?

Фото: polisia.kz Фото: polisia.kz

Қазақстан бойынша жалғыз қатаң режимдегі әйелдер колониясы Шымкентте орналасқан. Бұрын бір кездері бұл орын атқора болған, кейінірек ол жөнелту пунктіне, содан кейін тергеу изоляторына айналған. Яғни, бұл - қылмыстық-атқару жүйесіндегі ең көне мекеме. Мұнда ең ауыр жаза алған 231 сотталушы жазасын өтеп жатыр, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.

Жазасын өтеп жүрген әйелдердің түрмедегі өмірі жайлы Шымкент және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты ИЧ-167/4 мекемесінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Эльмира Тойлыбаева Рolisia.kz сайтына әңгімелеп берді.

Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ИЧ-167/4 мекемесі - Қазақстан аумағындағы жалғыз қатаң режимдегі әйелдер колониясы, әйелдерге барынша қауіпсіз пенитенциарлық мекеме. Бұл колонияда бүгінде 231 сотталушы жазасын өтеп жатыр.

Әділет капитаны Эльмира Тойлыбаеваның сөзінше, бір камерада 6-8 адам отырады, кейбіреуінде 10-нан аса тұтқын бар. Олардың ең жасы 25 жаста. Ол 2017 жылы ҚР ҚК-нің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша кінәлі деп танылып, 9,5 жылға бас бостандығынан айырылған. Қалғаны орта есеппен алғанда 30-35 жас аралығындағы әйелдер. Мұнда жазасын өтеп жатқан сотталғандардың басым көпшілігі ауыр және аса ауыр қылмысқа барғандар. Статистикаға сүйенсек, 231 сотталғанның 42-сі адам өлтірген, 52-сі алаяқтық жасаған, 90-ы есірткі сатқан, 23-і ұрлық, 19-ы ауыр дене жарақаттарын жасаған, қалғаны басқа да қылмыстары үшін қамауда отыр. Олардың жазасы 12 жылдан бастап өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін барады.

Түрмедегі тіршілік

Жаза басып, темір торда отырған әйелдер мекемеде белгілі бір тәртіппен күн өткізеді. Ол тәртіп таңғы сағат 6:00-де басталады. Сотталғандар жаттығу жасап, таңғы асқа жайғасады. Тексеріс жүргізіліп болғаннан кейін жазасын өтеушілер күн тәртібіне сәйкес жұмыс орындарына жіберіледі. ҚАЖ қызметкерінің айтуынша, темір тордың ар жағындағы әйелдерді жұмысқа орналастыру мәселесі әрқашан өзекті.

"Бұл ең көне мекеменің аумағы шағын. Бірақ мүмкіндігінше барлық бос үй-жайларды жұмыс орындарымен қамтамасыз етеміз. Бүгінде мекеме аумағында үш жеке кәсіпкер жұмыс істейді, онда 108 сотталушы еңбек етеді", - дейді Тойлыбаева.

Негізінен мұнда әйелдер жұмсақ интерьер заттарын тігеді: жастықтар мен көрпелер - бәрі тапсырыстарға байланысты. Мұндағы біршама әйел алғашқы білімін мекеме қабырғасында алған екен. Кейбір әйелдер аспазшы болып жұмыс істейді. Мәзірдің барлық талабына сәйкес сотталушыларға түскі ас дайындайды. Егер жұмыс ауысымы түске дейін аяқталса, онда сотталғандар мекемені абаттандыру жұмыстарымен айналыса алады.

"Сағат 17:00-де әдеттегідей тексеру жүргізіледі, 18:00-де кешкі астарын ішеді. Тамақтан соң біразы камераларына барса, қалғаны кітапханаға барады. Абақтыдағы өмір бостандықтағыдай зымырап өтпейді, уақыт баяу жылжиды. Сондықтан мұндағы әйелдер уақыттарын пайдалы өткізу үшін кітап оқуға жақсы көңіл бөледі. Тіпті кітап алып оқу үшін әйелдер кезекте тұрады. Сотталғандарға тәрбиелік мәні бар іс-шаралар, яғни концерттер, психологиялық тренингтер өткізіледі, олар теологтармен, имамдар, басқа да дін өкілдерімен кездеседі. Әйелдер кез келген мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға мұқият қарап, дайындыққа бар күшін салады. Одан бөлек, олар бос уақытында тәрбие жұмысы бөлмесінде теледидар көріп, жаңалықтар тыңдайды. Түнгі онда барлығы ұйқыға жатқызылады", - деді спикер.

Мемлекеттен көмек

Сотталғандар маусымдық киім, тамақ өнімдерімен, медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі: УДЗ, МРТ, ота жасау мен тексерулер.

"Сотталғандардың жайлылығы үшін мекеме аумағында азық-түлікке, гигиена құралдарына және басқа да тауарларға тапсырыс беруге арналған электрон интернет-дүкен терминалы жұмыс істейді, бұл өте ыңғайлы, себебі бізде Қазақстанның барлық аймағынан келген сотталушылар жазасын өтейді және барлық әйелге туыстарының келуге мүмкіндігі бола бермейді", - деп түсіндірді әділет капитаны.

Спикердің пайымдауынша, бұл қатаң режимдегі колонияда жүкті әйелдер жазасын өтемейді. Сотталған әйел мекемеде жүкті болып қалған жағдайда (күйеуімен кездесуден кейін) немесе жүкті болып келсе, онда оны Алматы қаласының ҚАЖ департаментіне қарасты мекемеге ауыстырады, ондай әйелдер өз балаларымен 3 жасқа дейін темір тордың ар жағында бірге бола алады.

Түрмедегі темірдей тәртіп

Колониядағы ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес, мекеме аумағында сотталғандарға екі тәуліктік ұзақ мерзімді және екі сағаттық қысқа мерзімді кездесулер беріледі.

"Сотталғандарға ұзақ мерзімді кездесулер жұбайымен, жақын туыстарымен, сотталған адаммен некеде тұрмайтын, онымен ортақ балалары бар адамдарға бірге тұру құқығымен және сәлемдеме алу құқығымен берiледi. Телефонмен сөйлесуге рұқсат сотталушының жазбаша өтiнiшi бойынша 15 минутқа берiледi", - деді Эльмира.

"Тәртіп бәріне бірдей" - дейді спикер. Сол себепті ішкі тәртіпке бағынбаған әйелдерге шара қолданылатынын да атап өтті.

"Жазасын өтеушілер мекеме тәртібін бұзған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сай тәртіптік жазалау шаралары қолданылады. Ол ҚР ҚАК-нің 131-бабы бойынша қолданысқа енгізіледі. Сотталған әйелдерге ескерту, сөгіс, он бес тәулікке дейінгі мерзімге тәртіптік изоляторға қамау, төрт айға дейінгі мерзімге жалғыз адамдық камераларға ауыстыру деген жазалар берілуі мүмкін", - деп бөлісті ҚАЖ қызметкері.

Мекеме қызметкерінің берген ақпараттарына сүйенсек, абақтыдан қашу және өзіне қол жұмсау, төбелес шығару, күш-көрсету, қорқыту сынды әрекеттер тіркелмеген. Себебі мұнда сотталғандардың тәртіпті бұзбауы үшін үздіксіз жұмыстар жүргізіледі. Олардың арасында моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыру мақсатында іс-шаралар, әңгімелесу жиі өткізіледі.

"Бүгінгіде әйелдер колониясында сотталғандар арасында жанжал, абақтыдан қашу, суицид жасау жағдайлары тіркелмеген. Себебі мұнда тағдырлас жандар жазасын өтеп жатыр. Бір-біріне қолдау көрсетуге тырысады. Олардың армандары да ортақ. Олар бостандықта, еркіндікте отбасыларымен қауышуды армандайды. Үміт үзбейді, күтеді. Бір-бірінің жағдайларын, ішкі сезімдерін айтпаса да, көзбен ұғыныса алатын бір толқында келе жатқан шалыс басқан әйелдер", - деп түйіндеді өз сөзін Эльмира Тойлыбаева.

Темір тордың ар жағында да өмір бар. Бірақ ол жақта бәрі басқаша. Әр камера сарғайған сағыныш пен өкінішке толы.

Суреттер мен мәтін Рolisia.kz сайтынан

Подпишись на почтовую рассылку Tengrinews.kz. Получай все самое главное за неделю каждую пятницу на свой адрес.




Join Telegram