“Сәтсіз кадр“. Криштиану Роналдудың қасы қызу талқыға түсті

Иконка просмотров страница
Иконка комментария страница

Бөлісу

Фото: instagram.com/Cristiano

Криштиану Роналдудың қасы әлеуметтік желілердегі ең көп талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Бірнеше күн ішінде желі қолданушылары мен бьюти-индустрия өкілдері футболшының сырт келбетін талдап, оның қасына перманентті макияж жасалуы мүмкін екені туралы пікірталас жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Tengri Life.


Желі қолданушылары не жазып жатыр?

Кейінгі бірнеше күнде әлеуметтік желілерде Криштиану Роналдудың футбол ойыны емес, оның сырт келбеті қызу талқыға түсті. Бұған Португалия құрамасының матчінен кейін түсірілген кадрлар себеп болды, онда қолданушылар спортшының қасына назар аударған. Бұл тақырыпты әсіресе перманентті макияж шеберлері мен бьюти-индустрия мамандары белсенді талқылай бастады.

Жарнама
Жарнама

Скриншот: Threads

Көптеген жарияланымда авторлар бұл перманентті макияж процедурасының нәтижесі болуы мүмкін деп болжаған, бірақ бұған ешқандай ресми дәлел жоқ.

"Мен перманент шебері ретінде сұрғылт перманентті қасқа қарап, Роналдуға табиғи техника көбірек жарасатын еді деп ойладым. Әрине, Португалияның шығып қалғаны өкінішті, ол - аңыз адам", - делінген жазбалардың бірінде.

@nastia.muse

♬ түпнұсқа дыбыс - nastia.muse

Индустрияның басқа да өкілдері өз болжамдарын білдірді.

"Роналдудың қасындағы перманенттің тығыз қалдығы - процедура нәтижесі қандай болмауы керек екенінің жарқын мысалы", "Оған неге жай ғана қас отырғызу техникасын жасамағаны таңғалдырады", "Мен маман емеспін, бірақ мынадай перманенттен шошып кеттім, сұмдық екен. Немесе бұл жай ғана сәтсіз кадр шығар", - деп жазды желі қолданушылары.

Алайда бұл сынды бәрі бірдей қолдай қоймады. Көптеген жанкүйер спортшы жеңіліске ұшыраған сәтте оның қасының пішінін талқылауды орынсыз деп санады.

"Сырт келбетті емес, іс-әрекетті бағалау керек! Мен футбол жанкүйері емеспін, бірақ Роналдуды адамгершілігі мен адамдарға көмегі үшін құрметтеймін", "Адамды жайына қалдырыңдаршы! Бір адамды бөлшектеп, әр тетігін талқылап жатырсыңдар", "Не жазып отырсыңдар? Ол - аңыз адам. Ол жеңілді. Түсініксіз бе?" - деді пікір қалдырушылар.

Роналду бьюти-процедуралар жасай ма?

Болжамдардың көптігіне қарамастан, Роналдудың өзі бұл жағдайға қатысты ешқандай түсініктеме бермеген, сондай-ақ қасына қандай да бір процедуралар жасағанын растаған жоқ.

Сонымен қатар, футболшының сырт келбетіне күтім жасауға деген қызығушылығы бұрыннан белгілі. Бұған дейін шетелдік БАҚ өкілдері ірі қоғамдық іс-шаралардың алдында Роналдудың жұлдызды стилистердің қызметіне жүгінетінін хабарлаған болатын: Димитрис Джаннетос (оның клиенттерінің қатарында Ким Кардашьян мен Амаль Клуни бар) шаш үлгісіне жауап берсе, әйгілі визажист Патрик Та макияжбен айналысқан.

Роналдудың өзі күтім жасау өмірінің маңызды бөлігі екенін ешқашан жасырған емес. Сұхбаттарының бірінде ол сырт келбеттің маңыздылығы туралы ашық айтқан.

"Шашың болғаны жақсы. Егер мені шашсыз көрсеңіздер, ол сол баяғы Криштиану болмайды", - деп мәлімдеген ол.

Визажист Джо Мартин Роналдудың сырт келбеті кәсіби макияждың нәтижесі деп санайды. Оның пікірінше, түсірілімдерге дайындалу кезінде ол камера алдында барынша табиғи әсерге қол жеткізу үшін жеңіл тон, опа, қасқа арналған құралдар мен ерін бальзамын қолдануы мүмкін.

Сарапшы пікірі

Жағдайға қатысты перманентті макияж шебері Наргиз де өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, фотосуреттерге қарап футболшының нақты перманентті макияж жасағанын сеніммен айту мүмкін емес, бірақ кейбір ерекшеліктер шынымен де мамандардың назарын аударады.

"Бір кадр бойынша нақты бірдеңе айту мүмкін емес. Жарық, трансляция сапасы, мимика, жасқа байланысты өзгерістер - мұның бәрі қабылдауға қатты әсер етеді. Бірақ кәсіби көзбен қарасақ, қас аймағында тығыз суық реңктің қалдығы бар сияқты әсер қалдырады. Сондықтан да көптеген шеберлер бұл суреттерді талқылай бастады", - деп түсіндірді Наргиз.

Сарапшының айтуынша, егер бұрын бұл аймақта шынымен процедура жасалды деп болжасақ, бүгінде одан да заманауи техникалар бар.

"Қазір шеберлер барынша табиғи жұмыс істеуге тырысады. Тіпті адам қасының айқын болғанын қаласа да, заманауи техникалар айқын графикалық сызықтарсыз жұмсақ нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан Роналдудың фотосуреттері мамандар арасында осындай қызу реакция тудырды - көбі бұл бейнені қазіргі таңда мұндай процедуралардың қалай орындалатынымен салыстыра бастады", - деді ол.

Сонымен қатар, Наргиз тек суреттерге қарап түпкілікті қорытынды жасауға болмайтынын баса айтты.

"Біз қандай да бір араласудың болған-болмағанын білмейміз. Бұл жарық түсу ерекшеліктері, жасқа байланысты өзгерістер, жарақат салдары немесе жай ғана сәтсіз кадр болуы мүмкін. Сондықтан кез келген қорытынды - нақты факт емес, тек болжам ғана", - деп түйіндеді сарапшы.

Пікірлерді оқу

Тағы оқыңыз
Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама