Алматыда қарбыз бен қауындағы нитраттар тексерілді: нәтижесі қандай?

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Өңірлік коммуникациялар қызметі брифингінде сарапшылар бақша өнімдеріндегі нитраттар мөлшерін қалай өз бетінше тексеруге болатынын айтып, Алматыда қарбыз бен қауыннан уланудың бірде-бір жағдайы тіркелмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды TengriHealth.

Алматыда қауіпті қарбыз бен қауын табылмады

Алматы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті директорының орынбасары Әсел Қалықова маусым басталғалы бері қалада бақша дақылдарын тұтынуға байланысты тамақтан улану жағдайлары тіркелмегенін айтты.

Жарнама
Жарнама

Спикер департамент қалада сатылатын қарбыз бен қауынды тұрақты түрде тексеріп тұратынын атап өтті. Мамандар сынамаларды іріктеп алып, Ұлттық сараптама орталығының Алматыдағы филиалына зертханалық зерттеуге жібереді.

"Өнімдер Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері мен Қазақстанның санитарлық заңнамасы талаптарына сәйкестігіне тексеріледі. Ең алдымен сарапшылар нитраттар мөлшерін анықтайды, ал қажет болған жағдайда пестицидтердің қалдық мөлшерін, улы заттарды, сондай-ақ микробиологиялық және радиологиялық көрсеткіштерді зерттейді", - деді ол.

Қалықованың айтуынша, бүгінде зерттелген сынамалардан нитраттардың рұқсат етілген деңгейден асуы анықталмаған.

Қарбыздағы нитратты өз бетінше тексеруге бола ма?

Сондай-ақ спикер алматылықтар қаласа нитраттар деңгейін өз бетінше тексере алатынын айтты. Ол үшін арнайы аппараттар бар.

Оның сөзіне қарағанда, бұл заттардың ағзада көп мөлшерде жиналуы улануға әкеп соғуы мүмкін.

Негізгі белгілері:

  • жалпы әлсіздік,
  • дене температурасының көтерілуі,
  • құсу,
  • іштің ауыруы.

Осы белгілер пайда болған жағдайда маман дереу медициналық көмекке жүгінуге немесе жедел жәрдем шақыруға кеңес береді.

"Бірақ алаңдауға негіз жоқ, өйткені барлық өнім фитосанитариялық қызмет тарапынан болсын, біздің тарапымыздан болсын тексеруден өтеді", - деп сендірді Алматы бойынша СЭБД директорының орынбасары.

Қауіпсіз қарбызды қалай таңдау керек?

Сондай-ақ Қалықова қарбыз бен қауынды температуралық режим сақталатын ресми сауда орындарынан ғана сатып алу керектігін еске салды.

"Бақша дақылдарын ешбір жағдайда көлік жолы бойынан және рұқсат етілмеген сауда орындарынан алмаңыздар, сондай-ақ кесілген жемістерді сатып алмаңыздар", - деп ескертті сарапшы.

Сатып алмас бұрын ол жемісті мұқият тексеруге кеңес береді: онда зақымдалған немесе кесілген жерлер болмауы тиіс, себебі дәл осындай орындарда микроорганизмдер белсенді түрде көбейеді.

Қорытындылай келе, Әсел Қалықова гигиенаның қарапайым ережелерін сақтау және өнімдерді қауіпсіз жерден сатып алу жедел ішек инфекциялары мен тамақтан улану қаупін азайтуға көмектесетінін баса айтты.

Бұған дейін жазда ерекше сақтықты қажет ететін өнімдер және тамақтан улану қаупін қалай азайтуға болатыны туралы жазғанбыз.


Жарнама
Жарнама