Аптап ыстықта тамақтан қалай уланбауға болады: қазақстандықтар жиі жіберетін бес қателік

ПОДЕЛИТЬСЯ

Тамақтан улану Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Санитарлық дәрігерлердің мәліметінше, Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында жаппай тамақтан улану мен жіті ішек инфекциясының сегіз жағдайы тіркелген.


Дәрігерлердің айтуынша, жаздың аптап ыстығында мұндай жағдайлардың қаупі дәстүрлі түрде арта түседі. Жазда қандай тағамдарға ерекше сақ болған жөн және тамақтан улану қаупін қалай азайтуға болады? Бұл туралы Tengri Health-ке сарапшы айтып берді.

Неліктен тағамның сапасын сыртқы түріне қарап бағалауға болмайды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының санитарлық дәрігері Ғалия Әлібекованың айтуынша, күн ысыған сайын тамақтан улану мен ішек инфекциялары жиілейді. Өйткені жоғары температура бактериялардың тағамда жылдам көбеюіне қолайлы жағдай жасайды.

"Тамақтан улану көбінесе ауру тудыратын микроорганизмдер көбейген немесе олардың токсиндері жиналып қалған тағамды тұтынғаннан кейін болады. Басқа себептердің қатарында сақтау шарттарының бұзылуы, өнімдерді жеткіліксіз термиялық өңдеу және жеке гигиена ережелерін сақтамау бар", — деп түсіндірді санитарлық дәрігер.

Цитата с изображением
Ғалия Әлібекова
Санитарлық дәрігер

Тағам тоңазытқыштан тыс жерде небәрі бірнеше сағат тұрса да, денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін. Оның үстіне, маманның айтуынша, бүлінген өнімді сыртқы түріне қарап әрдайым анықтау мүмкін емес.

"Көптеген ауру тудыратын бактериялар тағамның дәмін, түсін немесе иісін еш өзгертпейді, бірақ әсіресе өнімдер жоғары температурада ұзақ тұрғанда белсенді көбеюін жалғастыра береді".

Жазда қандай өнімдер тез бұзылады?

Ғалия Әлібекованың айтуынша, ыстықта құрамында ақуыз бен ылғалы көп өнімдер ең алдымен бұзылады. Атап айтқанда:

  • майонез немесе қаймақ қосылған салаттар;
  • кремді торттар мен тәтті тоқаштар;
  • тартылған еттен дайындалған тағамдар;
  • сүт өнімдері;
  • дайын ет және балық тағамдары;
  • үйде дайындалған тұздықтар.

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

"Сусындар да қауіп төндіруі мүмкін. Мысалы, ыстықта немесе күн астында қалған көлікте ұзақ тұрған су, шырындар, сүт коктейльдері, квас бактериялық ластану көзіне айналуы мүмкін", — деп толықтырды маман.

Санитарлық дәрігер сусындарға салынатын мұзға да сақтықпен қарауға кеңес береді. Егер мұз сапасыз судан дайындалса, ол да ішек инфекциясының таралуына себеп болуы мүмкін.

Жазда жиі жіберілетін бес қателік

Сарапшының айтуынша, тамақтан улануға көбіне мынадай қателіктер себеп болады:

  • дайын тағамды бірнеше сағат бойы бөлме температурасында қалдыру;
  • тез бұзылатын өнімдерді тоңазытқышы жоқ сауда орындарынан сатып алу;
  • өнімдерді көлікте салқындатпай тасымалдау;
  • ас әзірлер алдында қолды, көкөніс пен жемісті жумау;
  • шикі ет пен дайын тағамға бір кесу тақтасын пайдалану.

Дәрігердің айтуынша, дайын тағамды бөлме температурасында екі сағаттан артық қалдыруға болмайды. Ал сырттағы ауа температурасы 30 градустан асса, бұл уақыт бір сағаттан аспауы тиіс. Сондай-ақ дүкеннен алынған ет, балық және сүт өнімдерін бірден тоңазытқышқа қою керек. Егер ұзақ жолға шығатын болсаңыз, міндетті түрде термоконтейнер пайдаланған жөн.

Соңғы тармаққа тоқталған Ғалия Әлібекова бактериялардың дайын тағамға шикі еттен, құс етінен немесе балықтан пышақ, кесу тақтасы, асүйдің жұмыс беті немесе қол арқылы жұғуы мүмкін екенін айтты.

Дәрігерге қашан қаралу керек?

Санитарлық дәрігердің айтуынша, тамақтан кейін жүрек айну, бірнеше рет құсу, іш өту, іштің ауыруы, дене қызуының көтерілуі немесе ағзаның сусыздану белгілері байқалса, өздігінен емделуге болмайды.

Мұндай жағдайда дереу дәрігерге қаралып, медициналық көмек келгенше ағзадағы жоғалған сұйықтықтың орнын толтыру қажет.

"Құсу мен диарея кезінде ағза суды тез жоғалтады, сондықтан таза суды немесе сусызданудың алдын алуға көмектесетін арнайы тұзды ерітінділерді аз-аздан ішуді ұсынамын", — деді ол.

Сусыздану әсіресе балалар, қарттар, жүкті әйелдер және созылмалы аурулары бар адамдар үшін өте қауіпті. Егер белгілер күшейсе, бір тәуліктен артық сақталса немесе жоғары дене қызуымен қатар жүрсе, мүмкіндігінше тезірек медициналық көмекке жүгіну қажет.

Спикер туралы: Ғалия Әлібекова — ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының санитарлық дәрігері. Жалпы жұмыс өтілі — 46 жыл, оның 27 жылын санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және халықтың денсаулығын қорғау жүйесінде жұмыс істеп келеді. "Денсаулық сақтау ісінің үздігі" төсбелгісімен (2019), "Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ардагері" медалімен (2021), "Парасат" орденімен (2025) марапатталған.