+42 градус, өрт сөндірушілер және су “аттракциондары“: қазақстандықтар рекордтық аптапты қалай өткеріп жатыр

ПОДЕЛИТЬСЯ

+42 градус, өрт сөндірушілер және су “аттракциондары“: қазақстандықтар рекордтық аптапты қалай өткеріп жатыр Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

2026 жылғы жаз соңғы жылдардағы ең ыстық кезеңдердің біріне айналды. Маусымда Қазақстанның бірнеше қаласында температура рекорды жаңарса, шілдеде аптап одан әрі күшейді. Бір қалалар көшелерге су шашып, балаларға су ойындарын ұйымдастырса, енді бір өңірлер ұзаққа созылған ыстықтан кейінгі алғашқы жаңбырды күтіп отыр. Қазақстандықтар аптапқа қалай төтеп беріп жатыр және салқындаудың үйреншікті тәсілдері неліктен қауіпті болуы мүмкін? Бұл туралы Tengri Life материалында.


Маусымдағы рекордтардан шілдедегі аптапқа дейін

Бірнеше күн бұрын 2026 жылдың маусымы соңғы ондаған жылдағы ең ыстық айлардың бірі болғаны белгілі болды. "Қазгидромет" мәліметінше, елдің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–5 градусқа жоғарылаған.

Ең көне температура рекорды Павлодарда жаңарды. 1 маусымда ауа температурасы +36,8 градусқа дейін көтеріліп, 1955 жылы тіркелген ең жоғары көрсеткіштен асты.

Жаңа рекордтар Алматы, Астана, Семей және Өскемен қалаларында да тіркелді.

Алайда шілде одан да ыстық болды. Мәселен, 16 шілдеде Алматыда ауа температурасы +38 градусқа жетіп, осы күнге қатысты 1976 жылы тіркелген бұрынғы рекордтан асып түсті. Ол кезде қалада +36,1 градус болған. Дегенмен Алматыда 1983 жылы тіркелген шілде айының абсолютті максимумы — +43,4 градус әлі жаңарған жоқ.

"Қазгидромет" мамандары қазіргі аптапты Орталық Азия мен Ираннан ыстық ауа массаларын әкелген тұрақты антициклонмен және ұзақ мерзімді климаттық өзгерістермен байланыстырады.

Алматылықтар аптап ыстыққа қалай төзіп жатыр

Тұрғындар күн астына мүмкіндігінше аз шығуға тырысса, қалалық қызметтер жұмысын күшейтті.

Фото: Tengrinews.kz

Аномал ыстыққа байланысты Алматы көшелеріне бірнеше күн қатарынан су бүрку жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көлік қозғалысы көп негізгі жолдарда 16 арнайы техника колоннасы жол үстіне су шашты. Сонымен қатар 500-ден астам техника жолдарды, тротуарларды, аялдамаларды және басқа да қалалық нысандарды жууға жұмылдырылды.

Әкімдік өкілдері мұндай шаралар жол жабыны маңындағы ауаның температурасын төмендетіп, асфальттың қатты қызуына жол бермейді әрі шаңды басуға көмектеседі деп түсіндірді.

Фото: Tengrinews.kz

Соған қарамастан күндіз қала көшелері айтарлықтай босап қалды. Көпшілік сыртқа тек аса қажет кезде шығып, көшенің көлеңкелі жағымен жүруге немесе кондиционері бар ғимараттарды паналауға тырысты.

Фото: Tengrinews.kz

Фото: Tengrinews.kz

Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде ең көп талқыланған видеолардың бірі — құтқарушылардың аулада балаларға су шашып жатқан сәттері болды.

@kamshatkushinbaeva

😂😂😂

♬ түпнұсқа дыбыс - ODS.brand

Алдымен мұндай акцияны Шымкент құтқарушылары өткізді. Олар балаларға көбік пен су атқылаған нағыз ойын-сауық ұйымдастырды.

@bumerang_forever

♬ түпнұсқа дыбыс - bumerang_forever

Кейін бұл бастаманы Алматының Алатау ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жалғастырды. Құтқарушылар аулаларға барып, балаларға импровизацияланған "субұрқақ" жасап берді.

Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

Tengri Almaty (@tengri.almaty) жарияланымы

Видеодан балаларға көп ұзамай ересектердің де қосылғанын көруге болады.

Кадрлар әлеуметтік желілерде жылдам тарап, пікір қалдырғандар қызметкерлерге аптапты аз уақытқа болса да ұмыттыруға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты.

"Тек осындай шақыртуларға барып, балаларды қуанта берсін", "Бақытты болу үшін көп нәрсе қажет емес екен", — деп жазды желі қолданушылары.

Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

Tengri Almaty (@tengri.almaty) жарияланымы

Көпшілік балаларға өздері де қосылуға дайын екенін әзілмен жеткізді.

"Бір баланы жалға аламын", — деп қалжыңдады пікір қалдырғандардың бірі.

Енді бірі құтқарушылардың өздеріне алаңдаушылық білдірді.

"Өздеріне қаншалық ыстық екенін елестете алмаймын", "Өрт сөндірушілерге обал, дала ыстық, ал олар арнайы киіммен тұр", — деп жазды желі қолданушылары.

Дегенмен мұндай акциялардың салдарына назар аударғандар да болды. Бір қолданушы осыған ұқсас шарадан кейін балалар шынайы шақыртуға келген өрт сөндіру көліктерін кезекті "су шашатын машина" деп ойлап, техниканың айналасына көптеп жиналып қалғанын айтты.

Фото: Tengrinews.kz

Осы уақытта Петропавлда да өрт сөндірушілердің балаларға су шашып, аптаптан салқындатқан сәттері түсірілген видеолар тарады.

@cvetochek.2004.22

♬ original sound - ridgeclub

Астанада аптап күндер қалай өтті

Елордада жағдай басқаша болды.

Синоптиктер ауа температурасы +37...+39 градусқа дейін көтерілуі мүмкін екенін ескерткенімен, 18 шілдеге қарай ауа райы өзгере бастады. Қалада қатты жел тұрып, аспанды бұлт қаптады. Демалушылар күннен қорғану үшін қолшатырдың астын паналады.

Фото: Tengrinews.kz

Қалалық жағажайда көп тұрғынның су маңында демалып жүргені байқалды. Бірі суға түссе, енді бірі үлкен қолшатырлардың астына тығылды. Кейбірі жай ғана көлеңкеде отырды.

Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

Tengri Astana (@tengri.astana) жарияланымы

Қалада салқындау үшін субұрқаққа түсетін адамдар әлі де кездеседі. Алайда мамандар бұлай жасауға болмайтынын ескертеді. Себебі субұрқақтар шомылуға арналмаған және адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Фото: Tengrinews.kz

Синоптиктер демалыс күндері Астанада жаңбыр жауып, ауа температурасы біртіндеп төмендейді деп болжап отыр.

Аптап ыстық денсаулыққа да әсер етті

Тым жоғары температура адамдардың күнделікті өміріне ғана емес, медицина қызметкерлерінің жұмысына да әсерін тигізді.

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шілденің алғашқы екі аптасында жедел жәрдем қызметіне 33,6 мыңнан астам шақырту түскен.

Шамамен 1,5 мың өтініш қан қысымының көтерілуіне байланысты болса, 300-ден астам шақырту жүрек-қан тамырлары ауруларына, соның ішінде миокард инфарктіне қатысты болған. Ми қан айналымы күрт бұзылған 50-ге жуық науқас шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген.

Бұған қоса, жедел жәрдем шақыртуды қажет еткен ыстық өту жағдайлары алдыңғы кезеңмен салыстырғанда екі есе көбейген.

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының Гигиена және денсаулықты қорғау департаментінің директоры Жанар Тюлюбаева ағзаның қатты қызуы адам денсаулығына қауіпті екенін еске салды.

"Қатты ыстық кезінде ағза шамадан тыс қызып, көп сұйықтық жоғалтуы мүмкін. Бұл сусыздануға, жүрек, бүйрек және ми жұмысының нашарлауына әкеледі. Адам тез шаршап, әлсіреп, есінен танып қалуы ықтимал. Ағзаның қатты қызуы өмірге қауіп төндіруі мүмкін", — деп түсіндірді сарапшы.

Оның сөзінше, бес жасқа дейінгі балалар, қарттар, жүкті әйелдер, сондай-ақ жүрек, қан тамырлары, бүйрек, өкпе аурулары мен қант диабеті бар адамдар денсаулығына ерекше мұқият болуы қажет.

Алматы жедел медициналық жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы Азамат Құрманбеков те жоғары температураның қан қысымының күрт өзгеруіне, жүрек ырғағының бұзылуына, ентігуге себеп болуы және инфаркт пен инсульт қаупін арттыруы мүмкін екенін айтты.

Өзіңізді қалай қорғауға болады

Мамандар бірнеше қарапайым ережені ұстануға кеңес береді.

  1. Суды жеткілікті мөлшерде ішу. Ересек адам тәулігіне шамамен 2–3 литр сұйықтық ішуі керек. Таза су, қантсыз шай және газсыз минералды су ішуге болады. Ал алкогольден, энергетикалық сусындардан және кофеден бас тартқан жөн. Бірнеше сағаттың ішінде 3–4 литр су ішуге де болмайды. Бұл қандағы натрий деңгейінің қауіпті төмендеуіне, яғни гипонатриемияға және мидың ісінуіне әкелуі мүмкін. Ағзадағы су мөлшерінің жеткілікті екенін зәрдің ашық сары түсі арқылы байқауға болады.
  2. Сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін күн астына шықпау. Далада көлеңкелі жермен жүрген дұрыс. Ашық түсті, табиғи матадан тігілген киім киіп, бас киім тағып, күннен қорғайтын крем қолдану керек. Сонымен бірге ауа райы болжамындағы ультракүлгін сәуле индексіне назар аударған жөн.
  3. Мұздай су ішпеу. Өте салқын су қан тамырларының түйілуіне және тамақтың ауыруына себеп болуы мүмкін. Сондықтан суды салқын күйінде ішкен дұрыс.
  4. Кондиционерді дұрыс пайдалану. Дала мен бөлме температурасының айырмашылығы тым жоғары болса, адам оңай суықтап қалуы мүмкін.
  5. Көлікте ешкімді қалдырмау. Балаларды, егде жастағы туыстарды және үй жануарларын жабық көлікте бір минутқа да қалдыруға болмайды. Күннің ең ыстық уақытында жануарларды серуендетпеген дұрыс, себебі қызған асфальт олардың табанын күйдіруі мүмкін.

Ағзаның қатты қызуының алғашқы белгілері байқалса, яғни адам қатты әлсіреп, басы ауырып, жүрегі айнып немесе бұлшықеті тартылса, бірден көлеңкеге бару керек. Денеге дымқыл сүлгі басып, суды аз-аздан ішкен жөн. Егер адам есінен танып немесе тырысып қалса, дереу 103 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақыру қажет.

Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

Tengri Almaty (@tengri.almaty) жарияланымы

Ыстық әлі қайтқан жоқ

Синоптиктердің болжамы бойынша, алдағы күндері елдің оңтүстік өңірлерінде қатты ыстық сақталады. Алматыда жауын-шашынсыз +40...+42 градусқа дейін аптап болуы мүмкін. Ал Астанада ыстықпен бірге біртіндеп жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

Әзірге қазақстандықтар аптаптан қорғанудың ең қарапайым жолдарын қолданып жүр. Олар көлеңкені паналап, су маңында көбірек уақыт өткізіп, қолшатырдың астына тығылады. Ал балалар аптапты бірнеше минутқа ұмыттыратын күтпеген су "аттракциондарына" қуанып жүр.