Жаңа препарат ұйқы безінің қатерлі ісігі кезінде өмірді екі есеге жуық ұзартқан

Фото:depositphotos.com

Халықаралық зерттеушілер қатерлі ісіктің ең қауіпті түрлерінің бірі - ұйқы безі обырын емдеуде айтарлықтай жетістікке жеткенін мәлімдеді. Таблетка түріндегі эксперименттік препарат химиялық терапия көмектеспей қалған аурудың асқынған сатысындағы науқастардың өмір сүру ұзақтығын екі есеге жуық арттырды. Зерттеу нәтижелері Чикагодағы Америкалық клиникалық онкология қоғамының жиынында таныстырылып, New England Journal of Medicine журналында жарияланды, - деп хабарлайды TengriHealth.

Халықаралық зерттеушілер қатерлі ісіктің ең қауіпті түрлерінің бірі - ұйқы безі обырын емдеуде айтарлықтай жетістікке жеткенін мәлімдеді. Таблетка түріндегі эксперименттік препарат химиялық терапия көмектеспей қалған аурудың асқынған сатысындағы науқастардың өмір сүру ұзақтығын екі есеге жуық арттырды. Зерттеу нәтижелері Чикагодағы Америкалық клиникалық онкология қоғамының жиынында таныстырылып, New England Journal of Medicine журналында жарияланды, - деп хабарлайды TengriHealth.

Препарат туралы не белгілі?

Мәліметтерге қарағанда, препарат ұйқы безі обыры жағдайларының 90 пайыздан астамында ісіктің өсуіне түрткі болатын мутацияланған ақуызды бұғаттайды. Бұл - ғалымдар жылдар бойы жете алмай келген мақсат.

Жарнама
Жарнама

"Бұл қатерлі ісікті толық емдеп жазбаса да, өте үлкен алға басу болып табылады", - деді зерттеуге қатысқан Лос-Анджелестегі Калифорния университетінің докторы Зев Вайнберг.

Зерттеуге бұған дейінгі емі нәтиже бермеген метастаз беретін обыры бар 500 науқас қатысты. Олар кездейсоқ екі топқа бөлінген: бірінші топ Daraxonrasib препаратын, ал екінші топ химиялық терапия қабылдады.

Зерттеу нәтижелері

Препаратты қабылдаған науқастар орта есеппен 13,2 ай өмір сүрген. Ал химиялық терапия тобында бұл көрсеткіш 6,7 айды құрады. Айырмашылық аз болып көрінгенімен, Зев Вайнберг бұл химиялық терапиядан айтарлықтай басымдық көрсеткен алғашқы препарат екенін атап өтті.

"Күн сайын таблетка ішу өмір сүру ұзақтығын екі есеге жуық арттырды және ауыр жанама әсерлердің саны аз болды", - делінген зерттеуде.

Терапия қабылдаған науқастарда ісіктің кішіреюіне байланысты ауырсыну сезімі азайып, өмір сүру сапасы жақсарған.

Препараттың әсері уақыт өте келе әлсірейді, алайда деректерді талдау кезінде көптеген қатысушы емдеуді жалғастырған. Вайнбергтің айтуынша, әрі қарай бақылау барысында аман қалу көрсеткіштері артуы мүмкін.

Ең жиі кездесетін жанама әсерлердің арасында ауыр түрде өтуі мүмкін бөртпе мен ауыз қуысындағы ойық жаралар бар.

Дәрігерлердің реакциясы

Зерттеуге қатыспаған Аризона университетінің онкологиялық орталығының докторы Рачна Шрофф нәтижелер туралы өз әсерін бөлісті.

"Зерттеу нәтижелерін алғаш көргенде көзіме жас алдым. Науқастар емдеуді жалғастырды, себебі ол оларға тұрақты әрі маңызды пайда әкелді", - деді ол.

Дана-Фарбер онкологиялық институтының докторы Брайан Волпин препарат бұрын емделген метастаз беретін ұйқы безі обырын емдеудің "жаңа стандартына" айналуы тиіс деп мәлімдеді.

Зерттеушілер препаратты аурудың ертерек сатыларында, соның ішінде ісікті кішірейту үшін ота алдында қолдану мүмкіндігін зерделеуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін ҚазҰЗИ онкология және радиология институтының деректеріне сүйене отырып, соңғы 20 жылда Қазақстанда қатерлі ісіктің жаңа жағдайлары 30 пайыздан астамға өскенін жазған болатынбыз. Бұл, сонымен қатар, ауруды анықтау көрсеткіштерінің жақсаруымен де байланысты. Сонымен қатар дәрігерлер көптеген науқас көмекке кеш жүгінетінін және бағалы уақытты жоғалтып алатынын айтады.

Tengrinews

Жарнама
Жарнама