Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер құмар ойындарға қатысты сомасы 10 миллиард теңгеден асатын 402 мың төлем операциясын бұғаттады. Мұндай мәліметті премьер-министр Олжас Бектенов ойынға тәуелділікпен және заңсыз ойын бизнесімен күресу шаралары туралы депутаттық сауалға берген жауабында келтірді, деп хабарлайды TengriHealth тілшісі.
Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер құмар ойындарға қатысты сомасы 10 миллиард теңгеден асатын 402 мың төлем операциясын бұғаттады. Мұндай мәліметті премьер-министр Олжас Бектенов ойынға тәуелділікпен және заңсыз ойын бизнесімен күресу шаралары туралы депутаттық сауалға берген жауабында келтірді, деп хабарлайды TengriHealth тілшісі.
Бұғаттау, қылмыстық істер және ұстау
Олжас Бектеновтің айтуынша, жарты жыл ішінде - 2025 жылдың қазанынан 2026 жылдың наурызына дейін екінші деңгейлі банктер сомасы 10 миллиард теңгеден асатын 402 мың төлем операциясын бұғаттаған.
Сондай-ақ мемлекет шетелдік интернет-казино ұйымдастырушыларының тізімін жасады. Оған 110 танымал төлем провайдері енді, қазіргі уақытта олардың пайдасына жасалатын ақша аударымдары бұғатталып жатыр.
Премьер-министрдің сөзінше, 2026 жылдың басынан бері құқық қорғау органдары онлайн-казино ұйымдастырудың 40 фактісі бойынша 15 қылмыстық іс қозғады. Заңсыз казинолар жұмысына көмектескен қаржы ұйымдарының 11 басшысы мен қызметкері ұсталды.
Дропперлер пайдаланған 1 144 банк картасы бұғатталды. Қазіргі уақытта дропперлік фактілері бойынша Қылмыстық кодекстің 232-1-бабымен 10 сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
135 мыңнан астам адам бәс тігуден шеттетілді
Бектеновтің ақпараты бойынша, 2026 жылдың наурызында Қазақстанда Бәс тігу мен құмар ойындарды есепке алудың бірыңғай жүйесі іске қосылды. Ол адамның құмар ойындарға қатысуға құқығы бар-жоғын автоматты түрде тексереді және заңмен тыйым салынғандардың бәс тігуін бұғаттайды.
Сондай-ақ интернет-казиноларға мониторинг жүргізеді, жүйеге қосылмағаны үшін жауапкершілікті және букмекерлік кеңселердің жүйемен міндетті интеграциялануын қарастырады.
Қазіргі уақытта оған жұмыс істеп тұрған барлық бәс тігу операторы қосылған, дейді премьер-министр:
"2026 жылдың 27 наурызы мен 7 маусымы аралығында жүйе 433 мыңға жуық пайдаланушыны анықтады. Оның ішінде 135 мың адам бәс тіге алмады. Олардың көпшілігі - 116 мыңнан астам адам борышкерлер тізілімінде болған. Тағы 15 мыңнан астамы бұған дейін құмар ойындарға қолжетімділікті өз бетінше шектеген, ал 4 мыңнан астамы басқа да шектеулерге іліккен".
Қазақстандағы құмар ойынға тәуелділік ауқымы
Әлеуметтік зерттеу нәтижелері бойынша, 500 мыңға жуық қазақстандық құмар ойынға үнемі қатысады, олардың 15 мыңы құмар ойынға тәуелділіктен зардап шегуі мүмкін.
Осыған байланысты 2025 жылдың наурызынан бастап құмар ойындарға патологиялық құштарлығы бар адамдарға мемлекеттік психикалық денсаулық орталықтарында консультациялық көмек көрсетіле бастады. Жүгіну құпия сақталады.
"Консультация алуға жүгінген азаматтар диспансерлік есепке алынбайды. Бұл олардың жұмысқа орналасу, оқуға түсу немесе жүргізуші куәлігін алу мүмкіндігінен айырылмайтынын білдіреді", - деп толықтырды Бектенов.
Мемлекет есебінен емдеуден және медициналық-әлеуметтік оңалтудан өткендер:
- 2024 жылы - 69 адам;
- 2025 жылы - 98 адам;
- 2026 жылдың бірінші тоқсанында - 13 адам.
Қандай шектеу енгізілді?
Бектеновтің айтуынша, Үкімет ойын бизнесінің жұмысын ашық ету және құмар ойындардың халыққа әсерін төмендету үшін заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізді.
Негізгі шаралар қатарында:
- букмекерлік кеңселер жарнамасына тыйым салу;
- 21 жасқа толмаған адамдардың құмар ойынға қатысуын шектеу;
- борышкерлер тізіліміне енгізілген адамдардың қатысуына тыйым салу;
- мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметшілерге және қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін сотталған адамдарға тыйым салу;
- Бәс тігу мен құмар ойындарды есепке алудың бірыңғай жүйесінің жұмыс істеуі үшін құқықтық негіз жасау.
"Мемлекет заңсыз интернет-казинолармен және букмекерлік сайттармен күресті жалғастырып жатыр. Егер 2024 жылы 20 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталса, 2025 жылы 75 мың. 2026 жылдың алғашқы бес айында тағы 62 мың сайтқа қолжетімділік шектелді, оның ішінде 34 мыңын Бірыңғай есепке алу жүйесі анықтады", - делінген хабарламада.
Сөз соңында Олжас Бектенов Үкімет депутаттармен бірлесіп ойынға тәуелділікпен және заңсыз ойын бизнесімен күресу шараларын жетілдіруді жалғастыратынын атап өтті.
Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев бұған дейін құмар ойынға тәуелділіктен емделген адамдарды қолдау тетіктерін әзірлеуді ұсынған болатын. Соның ішінде банк қарыздары бойынша төлемді уақытша шегеру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Тағы оқыңыз: “Қиындықтарға тап болдым“: Қазақстаннан шыққан киберспорт жұлдызы лудоманияға шалдыққанын мойындады