ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстанда аптап болады деп күтіледі. Кейбір өңірде термометр бағаны қазірдің өзінде 45 градусқа дейін көтеріліп жатыр, ал Алматы дәрігерлері күн өту жағдайлары екі есе артқанын тіркеген. Tengri Health қоғамдық денсаулық сақтау сарапшысынан қандай симптомдарды елеусіз қалдыруға болмайтынын және аптапта өзіңді қалай қорғау керек екенін білді.
Қазгидромет мәліметінше, Қазақстанның басым бөлігінде +33-тен +40 градусқа дейін қатты ыстық сақталады, ал оңтүстік пен оңтүстік-батыста термометр бағаны +45 °C-қа дейін көтеріледі.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қалыптан тыс ыстық салдарынан тұрғындардың жедел жәрдемді жиі шақыра бастағанын хабарлады.
Тек шілденің алғашқы екі аптасында жедел жәрдем қызметіне 33,6 мыңнан аса шақырту түскен.
"Оның 1,5 мыңға жуығы артериялық қан қысымының көтерілуіне, 300-ден астамы миокард инфарктісін қоса алғанда, жүрек-қан тамырлары ауруларына қатысты болды. Ми қанайналымының жедел бұзылуы бар 50-ге жуық пациент қалалық стационарларға шұғыл жеткізілді. Алдыңғы кезеңмен салыстырғанда жедел жәрдем шақыру өажет болған күн өту жағдайларының саны екі есеге артты", – деп хабарлады басқарма.
Жанар Тюлюбаева - Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының Гигиена және денсаулықты қорғау департаментінің директоры аптап несімен қауіпті екенін түсіндірді.
"Қатты ыстық кезінде ағза қызып кетіп, көп мөлшерде сұйықтық жоғалтуы мүмкін. Бұл сусыздануға, жүрек, бүйрек және ми жұмысының нашарлауына әкеп соғады. Адам тез шаршайды, әлсіреп, есінен танып қалуы мүмкін. Дененің қатты қызуы өмірге қауіп төндіруі ықтимал", – деп түсіндірді сарапшы.
Ең жоғары қауіп тобына жататындар:
Сарапшы далада жұмыс істейтіндерге немесе ыстықта ауыр физикалық еңбекпен айналысатындарға ерекше тоқталды. Оларға мүмкіндігінше ең қарқынды жұмысты таңертеңгі немесе кешкі уақытқа ауыстыру, көлеңкеде немесе салқын бөлмеде тұрақты үзіліс жасау, жеткілікті мөлшерде су ішу, жеңіл ашық түсті киім мен бас киім кию, сондай-ақ өз денсаулығын мұқият қадағалау ұсынылады.
Бас айналу, әлсіздік, жүрек айну немесе дененің қызып кетуінің басқа да белгілері пайда болған жағдайда жұмысты дереу тоқтатып, медициналық көмекке жүгіну қажет.
Сарапшы аптап көптеген созылмалы аурулардың барысын қиындататынын атап өтті. Жүрек аурулары кезінде жүрек-қан тамырлары жүйесіне жүктеме артады, диабет кезінде сусыздану және қант деңгейінің ауытқу қаупі жоғарылайды, ал бүйрек ауруларында ағзаға су теңгерімін сақтау қиындай түседі.
"Дәрі-дәрмектің мөлшерін өз бетінше өзгертуге немесе одан бас тартуға болмайды. Егер сұрақтар туындаса немесе денсаулық жағдайы нашарласа, емдеуші дәрігерге хабарласу қажет. Егер сіздің осындай таныстарыңыз немесе туыстарыңыз болса, ыстық күндері олардың жағдайын үнемі біліп тұруға немесе оларға барып тұруға тырысыңыз", – деді Тюлюбаева.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ыстықтың ең алдымен жүрек-қан тамырлары жүйесіне соққы болатынын растады.
"Ауа температурасының жоғары болуы артериялық қан қысымының күрт көтерілуіне, жүрек ырғағының бұзылуына, ентігуге, сондай-ақ миокард инфарктісі мен инсульт қаупін арттыруы мүмкін", – деді Алматы қалалық жедел медициналық жәрдем қызметі директоры орынбасарының міндетін атқарушы Азамат Құрманбеков.
Сондай-ақ ведомство ыстықтың сусыздану, тағамнан улану, ішек инфекциялары және маусымдық аллергияның асқыну қаупін арттыратынын ескертті.
Қатты бас ауруы, бас айналу, әлсіздік, жүрек айну, есеңгіреу, жоғары температура немесе есінен тану кезінде жедел жәрдем шақыру қажет.
Тюлюбаеваның сөзінше, екі жағдайдың да алғашқы белгілері – қатты әлсіздік, бас ауруы, бас айналу, жүрек айну, дене температурасының көтерілуі, терінің қызаруы, жүрек соғысының жиілеуі, есеңгреу немесе естен тану.
"Ыстық өту ағза өздігінен қалыпты дене температурасын сақтай алмай қалғанда, дененің қызып кетуінен болады. Уақтылы көмек көрсетілмесе, ыстық өту ми, жүрек, бүйрек және басқа да өмірлік маңызды мүшелердің зақымдануына, ал ауыр жағдайларда – өлімге әкелуі мүмкін", – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.
Күн немесе ыстық өткенде, адам есінен танғанда, денесі тартылғанда немесе жағдайы күрт нашарлағанда дереу жедел жәрдем шақыру қажет.
Егер көшедегі жолаушы немесе жақын адамыңыз ыстық өтіп кетіп, бірақ есін білсе, Жанар Тюлюбаева келесі әрекеттерді орындауды ұсынады:
"Ауыр жағдайда адамды қозғалуға мәжбүрлеуге немесе бақылаусыз дәрі ішкізуге қатаң тыйым салынады. Егде жастағы адамдар мен жүрек ауруы бар науқастарды медициналық бақылаусыз мұздай суға бірден салуға болмайды", – деді сарапшы.
Қауіпті ыстық тек аптап пен күннен ғана болмайды. Дәрігерлер жоғары ылғалдылықты, физикалық жүктемені, ағзаның сусыздануын, алкогольді, тар әрі қара түсті киімді және қапырық бөлмелерді де қауіп факторларына жатқызады.
Ересек адамға ыстықта тәулігіне шамамен 2–3 литр сұйықтық қажет. Ең дұрысы – кәдімгі ауыз су, тәтті емес шай және газдалмаған минералды су. Ал алкоголь, энергетиктер, тәтті газдалған сусындар мен қою кофені шектеген жөн, өйткені олар сусыздану процесін тездетеді.
Дегенмен, сарапшы суды тым көп ішу де қауіпті болуы мүмкін екенін ескертеді.
"Қысқа уақыт ішінде тым көп су ішу гипонатриемияға әкеп соғуы мүмкін. Бұл – қандағы натрий деңгейінің қауіпті төмендеуі, ол ауыр жағдайларда мидың ісінуін тудыруы ықтимал. Егер адам бірнеше сағат ішінде 3-4 литр суды өте тез ішіп қойса және бұл ретте электролиттердің орнын толтырмаса, қауіп арта түседі", – деді Жанар Тюлюбаева.
Сарапшының айтуынша, ылғал тепе-теңдігінің ең қарапайым көрсеткіші – зәрдің түсі. Ашық сары түс қалыпты жағдайды білдіреді, ал қою сары түс ағзаға шұғыл түрде су қажет екенін көрсетеді.
Ыстық ауа райында ағзаға салмақ түсірмейтін жеңіл тағамдарды тұтынған абзал. Егер аллергия болмаса, рационға балғын көкөністерді, жемістерді, көк шөптер мен майлы емес тағамдарды көбірек қосқан жөн. Ауыр, майлы, ащы және тым тұзды тағамдарды, әсіресе күн ең ыстық кезде шектеген дұрыс.
Сарапшының сөзінше, ең қауіпті уақыт – сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін. Егер далаға шығу қажет болса, Тюлюбаева бірнеше ережені сақтауды ұсынады:
"Ауа райы болжамында ультракүлгін сәулелердің деңгейіне назар аудару маңызды. Бұл әр адам үшін үйреншікті әдетке айналуы тиіс", – деп толықтырды сарапшы.
Сонымен қатар сарапшы аптапта жиі жіберілетін, бір қарағанда зиянсыз болып көрінетін қателіктерді де атап өтті.
"Ыстықта физикалық белсенділік кезінде қол, аяқ немесе іш бұлшықеттерінің тартылуы мен түйілуі – бұл терлеу салдарынан электролиттердің жоғалуының алғашқы белгісі. Бұл жағдайда жүктемені тоқтатып, көлеңкеге бару керек және тек суды емес, тұзды да толықтыру қажет. Мәселен, аздап тұз қосылған су немесе арнайы электролит ерітінділерін ішу керек", – деп түсіндірді сарапшы.
"Ыстықта үй жануарларын да қорғау керек: оларды таңертең немесе кешкі уақытта серуендету, күн қызып тұрғанда асфальтпен жүргізбеу (ол қатты қызып, табандарын күйдіреді), су мен көлеңкеге тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет. Жануарлардағы ыстық өту белгілері – ауыр тыныс алу, қозғалудан бас тарту", – деді Тюлюбаева.
Ыстыққа төзімділікті арттыру үшін салқын бөлмелерде болуға тырысыңыз және әсіресе сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін тікелей күн сәулесінің астында ұзақ жүруден аулақ болыңыз. Шөлдемесеңіз де, жеткілікті мөлшерде су ішіңіз, сондай-ақ ағзаның сусыздануына әкелетін алкоголь мен тәтті газдалған сусындардан бас тартыңыз. Табиғи матадан тігілген жеңіл киім киіп, бас киім мен күннен қорғайтын көзілдірік тағыңыз, ал сыртқа шығар алдында күннен қорғайтын крем жағыңыз.
Аптапта балаларға, қарттарға, жүкті әйелдерге және созылмалы аурулары бар адамдарға ерекше көңіл бөлу керек, өйткені олар күн өтуге немесе дене қызуының көтерілуіне өте сезімтал келеді. Сондай-ақ қажетті қорғаныс шараларын алдын ала қабылдау үшін ауа райы болжамын, соның ішінде ультракүлгін сәулелену деңгейін бақылап отыру пайдалы.