Қазақстанда орнаған аномальді ыстық жедел жәрдем қызметіне түсетін жүктеменің күрт артуына әкеп соқты. 14 шілдеде ауа температурасы +38,6 градусқа жетіп, тарихи максимум жаңарған Астанада шақыртулар саны шамамен 10 пайызға өсті, ал Алматыда бұл көрсеткіш бұдан да жоғары, деп хабарлайды TengriHealth.
Күніне 200 шақыртуға көп: Астанада не болып жатыр?
Елордада 5 шілдеден бері аптап басылмай тұр. Бұл медициналық қызметтерге айтарлықтай салмақ салды. Бұл туралы Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы директорының медициналық бөлім жөніндегі бірінші орынбасары Бота Сәдетхан мәлімдеді. Оның айтуынша, шұғыл көмекке жүгінушілер саны 10 пайызға дейін артқан.
"Егер қалыпты айларда біз тәулігіне 1800–1850 шақыртуға қызмет көрсетсек, қазір олардың саны 2000-нан асады. Яғни, тәуліктік өсім шамамен 200 шақыртуды құрап отыр", - деді ол.
Аптапта көбіне созылмалы дертке шалдыққандар зардап шегеді. Маманның айтуынша, Астанада көмекке жүгінетіндер арасында бірінші орында жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары тұр - шақыртулардың 30 пайызы осы дертке тиесілі, бұл ең үлкен топ.
"Күн қатты ысығанда бізге қан қысымы көтерілген және жүрек ырғағы бұзылған адамдар жиі хабарласады. Инфаркт пен инсульт клиникасы бар пациенттер де кездеседі. Сонымен қатар созылмалы аурулар, әсіресе бронхиалды астма өрши түседі. Көбіне мұндай пациенттер жедел жәрдемді дәл кешкі уақытта шақырады", - деп бөлісті маман өз бақылауын.
Екінші орында тыныс алу мүшелерінің аурулары: астманың өршуі, ЖРВИ, бронхит, ангина және тонзиллит аясындағы жоғары дене температурасы. Үшінші орында түрлі жарақаттар орналасқан.
Сонымен қатар, оның айтуынша, елордада бүгінгі таңда ресми тіркелген күн өту жағдайлары жоқ. Дәрігерлер қала тұрғындарын денсаулыққа сақ болуға шақырып, алғашқы көмек көрсету ережелерін еске салады.
"Қатты бас ауруы, жоғары температура, әлсіздік, бас айналу немесе есеңгіреу сияқты белгілер пайда болғанда жедел жәрдем шақырып, адамды мүмкіндігінше тезірек салқын жерге көшіріп, су беру қажет" - деп кеңес береді Бота Сәдетхан.
Ыстық өту екі есе көбейді: Алматыда не болып жатыр?
Медицина мамандарының мәліметінше, Алматыда жағдай бұдан да күрделі. Алматы жедел медициналық жәрдем қызметі директоры орынбасарының міндетін атқарушы Азамат Құрманбеков кейінгі уақытта ыстық өту салдарынан жедел жәрдем шақыртуларының саны екі есеге артқанын хабарлады.
Маманның айтуынша, тек шілде айының алғашқы екі аптасында жедел жәрдем қызметі 33,6 мыңнан астам шақырту қабылдаған:
- Оның 1,5 мыңға жуығы артериялық қан қысымының көтерілуіне байланысты түскен.
- 300-ден астамы - инфаркт пен жүректің ишемиялық ауруын қоса алғанда, жүрек-қан тамырлары ауруларына қатысты.
- Тағы 50-ге жуық ми қан айналымының өткір бұзылуы бар пациент қалалық стационарларға шұғыл жеткізілді.
Қарт адамдар, балалар, жүкті әйелдер және созылмалы аурулары бар пациенттер ерекше қауіп тобында.
Маманның сөзінше, соңғы аталған топ өкілдеріне дәрігердің нұсқауларын қатаң сақтау, дәрі-дәрмекті жүйелі түрде қабылдау, қан қысымы мен қандағы қант деңгейін бақылау, күн өтуден сақтану және жоспарлы кеңестерді жіберіп алмау маңызды.
Дәрігерлер мүмкіндігінше сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін күн астында жүрмеуге, табиғи матадан тігілген жеңіл киім киюге, сондай-ақ бас киім мен күннен қорғайтын көзілдірік тағуға кеңес береді.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда 46 градусқа дейін ыстық болады