Астанадан Шанхайға тікелей рейстер ашылуы мүмкін

ПОДЕЛИТЬСЯ

Астанадан Шанхайға тікелей рейстер ашылуы мүмкін Фото:depositphotos.com

Болашақта Астана мен Шанхай арасында тікелей әуе қатынасы ашылуы мүмкін. Бұл мәселені Қазақстан мен Қытай өкілдері азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі келіссөздер барысында талқылады, деп хабарлайды Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Tengri Travel.


Келіссөздер Бейжіңде Қазақстан Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті мен Қытайдың Азаматтық авиация әкімшілігі (CAAC) арасында өтті. Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі екі ел арасындағы әуе қатынасын одан әрі кеңейту болды.

Консультациялар қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Қытай әуе тасымалдаушылары орындай алатын тұрақты жолаушылар рейстерінің санын аптасына 124-тен 152-ге дейін арттыруға келісті.

Бұдан бөлек, Қазақстаннан рейстер орындауға болатын Қытайдың ірі қалаларының тізімі 11-ге дейін кеңейтілді. Оған Қытайдың ірі көлік-логистикалық және өнеркәсіптік орталықтарының бірі - Чунцин қаласы енді.

Сонымен қатар келіссөздерде Қазақстан астанасы мен Қытайдың ең ірі қаласы арасында жаңа бағыт ашу перспективасына баса назар аударылды.

"Бұдан басқа, Астана мен Шанхай арасында, оның ішінде қытайлық әуекомпанияларымен тікелей әуе қатынасын ашу, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасында үшінші халықаралық әуе дәлізін ашу мәселелері талқыланды", - деп хабарлады Көлік министрлігі.

Ведомство үшінші халықаралық әуе дәлізін құру әуе кеңістігінің өткізу қабілетін арттыруға, ұшу бағыттарын оңтайландыруға, қолданыстағы әуе жолдарына түсетін жүктемені азайтуға және екі мемлекет арасындағы әуе қатынасының одан әрі өсуі үшін қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік беретінін түсіндірді.

Бұдан бөлек, тараптар қазақстандық әуекомпаниялары үшін Қытай әуежайларынан слоттар бөлу, Қытайдың әуе кеңістігін пайдалану, сондай-ақ азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы ведомствоаралық келісім жасасу мүмкіндігін қарастырды.

Қазіргі уақытта Астана мен Шанхай арасында тікелей әуе қатынасы жоқ. Дегенмен, бұл мегаполиске Қазақстанның басқа қалаларынан рейстер орындалып жатыр. Алматыдан Шанхайға China Eastern, Turkish Airlines және Air Astana ұшса, ал Шымкенттен рейстерді SCAT әуе компаниясы жүзеге асырады.

Тағы оқыңыз: Қазақстаннан Дубайға рейстер 15 шілдеден бастап қайта жанданады

;