Әуекомпания мас бортсеріктердің кесірінен рейсті тоқтатты

ПОДЕЛИТЬСЯ

Әуекомпания мас бортсеріктердің кесірінен рейсті тоқтатты Иллюстрациялық фото:depositphotos.com

British Airways экипаж мүшелері түніне 500 фунт стерлинг тұратын қонақүйде ішімдік ішіп, әуежайға келмей қалғандықтан, аталған әуекомпанияның рейсі тоқтатылды, деп хабарлайды Tengri Travel тілшісі The Sun басылымына сілтеме жасап.


Барбадостан Лондонға ұшуға бірнеше сағат қалғанда, сәнді қонақүйде арақ пен сыра ішілген кеш ұйымдастырылған.

Мұхит жағалауындағы "барлығы қосылған" жүйесімен жұмыс істейтін бұл қонақүйге өмір бойы ақша жинап келген ашулы қонақтар топты видеоға түсіре бастаған. Ал экипаж мүшелері бұған жауап ретінде: "Біз British Airways экипажымыз, сонда не болыпты?" - деп тілдері күрмеле сөйлеген.

The Sun басылымының мәліметінше, әуекомпания басшылығы жексенбі күнгі BA254 рейсін орындауы тиіс бүкіл экипажды жұмыстан шеттетуге мәжбүр болған.

Рейстің кенеттен тоқтатылуы салдарынан Барбадос астанасы Бриджтаунда Boeing 777-200 ұшағының 336 жолаушысы қалып қойды. Олар рейстің не себепті тоқтатылғанынан мүлдем бейхабар еді.

Басылымның жазуынша, бортсеріктер де барда өздерін ерсі ұстаған.

"Арақ пен сыра толассыз құйылды, команданың кейбір мүшелері шектен шығып кетті. Бір стюардесса құсып, оның әріптестерінің бірі есінен танып қалып, оны бөлмесіне дейін сүйемелдеп апаруға тура келген соң, қонақтар олардың тәртібіне шағымданды", - деді қонақтардың бірі басылымға берген сұхбатында.

Нәтижесінде бүкіл экипаж келесі бірнеше күн ішінде үйлеріне жолаушы ретінде қайтуға мәжбүр болды.

Дереккөздердің хабарлауынша, тоқтатылған рейс пен британдықтардың бардағы ерсі қылығынан келген шығын жүздеген мың фунт стерлингті құрауы мүмкін.

;