Таиландтағы өрттен 27 адам қаза тапты: СІМ Қазақстан азаматтарына қатысты жағдайды хабарлады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Таиландтағы өрттен 27 адам қаза тапты: СІМ Қазақстан азаматтарына қатысты жағдайды хабарлады Видеодан кадрлар

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Бангкоктағы барлардың бірінде болған ірі өртке қатысты ақпарат берді. Шетелдік БАҚ-тың мәліметінше, апат салдарынан кемінде 27 адам қаза тауып, тағы 63-і жарақат алған, деп хабарлайды Tengri Travel.


СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта зардап шеккен Қазақстан азаматтары туралы ресми ақпарат жоқ.

"Қазіргі уақытта Таиландтың құзыретті органдарынан зардап шеккен ҚР азаматтары туралы ресми ақпарат немесе ҚР азаматтарынан Қазақстанның Бангкоктағы елшілігіне қандай да бір өтініш келіптүскен жоқ. Бұл мәселе ҚР СІМ бақылауында", деп хабарлады ведомство.

DW ақпаратынша, өрт жексенбі күні кешкісін Бангкоктың Чатучак округіндегі Латпхрао ауданында орналасқан Rong Beer Na Lat Phrao мекемесінде болған. Бар жергілікті тұрғындар арасында танымал және демалыс күндері ондаған мың тұрғын мен турист келетін әйгілі Чатучак базарының маңында орналасқан.

Таиланд премьер-министрі Анутин Чарнвиракулдың айтуынша, оқиға орнынан 27 адамның денесі шығарылды. Тағы 63 адам түрлі жарақаттармен ауруханаларға жеткізілді, дәрігерлер 22 зардап шегушінің жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр.

Алдын ала мәліметтер бойынша, өрт сахна маңынан басталған. Куәгерлердің айтуынша, ғимарат іші санаулы секундта қою түтінге толып, келушілер сыртқа шығуға тырысқан. Көбі ғимараттың ішкі жағына қарай қашқанымен, эвакуация жолын таба алмаған. Премьер-министрдің сөзінше, қаза тапқандардың басым бөлігі дәретханалардан табылған.

Бангкок губернаторы Чадчарт Ситтипунт адамдардың өліміне жалын емес, түтінге улану басты себеп болуы мүмкін екенін атап өтті.

Құтқарушылар шақыртудан кейін бірнеше минут ішінде оқиға орнына жеткенімен, ол кезде өрт ғимараттың барлық аумағын шарпып үлгерген. Тілсіз жауды шамамен жарты сағаттан соң оқшаулау мүмкін болды.

Таиланд билігі трагедияның себептерін тергеуді бастады. Премьер-министрдің айтуынша, мекеменің мейрамхана ретінде жұмыс істеуге лицензиясы болған, ал полиция нысанның бұған дейінгі тексеріс нәтижелерін тексеріп жатыр. Сондай-ақ ол тергеу өрт қауіпсіздігі талаптарының ықтимал бұзылуын зерттеп жатқанын мәлімдеп, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда "ешқандай кешірім болмайтынын" баса айтты.

БАҚ мәліметінше, қазіргі уақытта қаза тапқан он адамның жеке басы анықталды. Олардың тоғызы - Таиланд азаматы, біреуі - Лаос азаматы.

Шетелдік басылымдардың жазуынша, бұл өрт Таиландтағы кейінгі жиырма жылдағы ең көп адам шығыны болған оқиға. Бұған дейін мұндай ең ірі трагедия 2009 жылы Жаңа жылды мерекелеу кезінде Бангкоктағы Santika түнгі клубында болған. Ол кезде 60-тан астам адам қаза тауып, 200-ден астамы жарақат алған еді.

Қазақстан СІМ жағдайды бақылауда ұстап отырғанын және осы мәселе бойынша байланыста екенін атап өтті. Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтарынан Бангкоктағы елшілікке өтініштер түскен жоқ.

;