Қазақстанда мүгедектікті белгілеуге қатысты 1133-ке жуық күмәнді іс анықталды. Оның ішінде 167 жағдай бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Tengrinews.kz берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Tengri Health.
Министрдің айтуынша, ведомство ақпан айынан бастап қазақстандықтарға мүгедектік топтары белгіленген істерге іріктемелі тексеру жүргізіп жатыр.
"Бүгінгі таңда 1133-ке жуық күмәнді іс анықталды. Оның ішінде 167 материалды құқық қорғау органдарына бердік", - деді Ертаев.
Кейбір жағдайларда пациенттердің дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындылары бір-біріне мүлдем ұқсас болып шыққан.
"Құжаттардың жай ғана көшіріле салғаны айдан анық. Сондықтан біз Денсаулық сақтау министрлігімен келіссөздер жүргізіп, тәсілді жүйелі түрде өзгертуге уағдаластық", - деді министр.
Пациенттер үшін не өзгереді?
Жыл соңына дейін Денсаулық сақтау министрлігі өздерінің ақпараттық жүйелерін біріктіруді жоспарлап отыр. Осыдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек министрлігінің дерекқорларын интеграциялау көзделген. Бұл мамандарға дәрігерлердің пациентті қалай қарағанын, қандай зерттеулер жүргізілгенін және мүгедектік туралы қорытындының қандай деректер негізінде дайындалғанын көруге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, ұқсас және күмәнді медициналық қорытындыларды автоматты түрде анықтай алатын цифрлық модель әзірленіп жатыр. Сонымен қатар ведомствода ішкі профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, қызметкерлерге жауапкершілік туралы ескертіледі.
63 нозология бойынша мүгедектік мерзімсіз белгіленеді. Мұндай жағдайларда адамға әр бірнеше жыл сайын қайта куәландырудан өтудің қажеті жоқ.
Формалды мәртебе емес, оңалту: мемлекеттің жаңа тәсілі
Министр мемлекеттің мақсаты адамға тек мүгедектік тобын тағайындау ғана емес, сонымен бірге оны кейіннен оңалту екенін атап өтті.
Егер дәрігерлер пациенттің жағдайы жақсаруы мүмкін деп санаса, оған оңалту шаралары тағайындалады. Ертаевтың айтуынша, адамның мүгедектіктің екінші тобынан үшінші топқа ауысып, кейін сауығып, жұмысқа оралған соң мүгедектігі толық алынып тасталған жағдайлар бар.
Егер азамат комиссия шешімімен келіспесе, ол қайта куәландырудан өте алады. Бұл үшін пациенттің жағдайын қайта зерделейтін қайталанған консилиум жиналады.
Қазіргі уақытта өтініштердің шамамен 40 пайызы сырттай проактивті форматта қаралады. Мұндай азаматтарға комиссияға жеке келудің қажеті жоқ. Қалған жағдайларда әзірге көзбе-көз куәландыру талап етіледі.
Цифрландыру аяқталғаннан кейін пациенттерге көп мөлшерде құжат жинаудың да қажеті болмайды: қажетті мәліметтер электронды түрде түседі.
Министрдің толық сұхбатын сілтеме бойынша оқыңыз.