Қазақстанда хантавирус жұқтырудың бірде-бір расталған жағдайы тіркелген жоқ. Сонымен қатар еліміздегі санитарлық-карантиндік пункттер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов айтты, деп хабарлайды TengriHealth.
Мұратовтың сөзінше, бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) хантавирусты жаңа пандемия қаупі ретінде қарастырмайды.
"ДДСҰ хантавирус пандемия тудыруы мүмкін деп мәлімдеген жоқ. Дегенмен біздің республикада толық дайындық бар", - деді вице-министр.
Шенеунік Қазақстан шекарасында санитарлық бақылау күшейтілгенін атап өтті.
"Санитарлық-карантиндік пункттеріміз күшейтілген режимге көшірілді, термометрия жүргізіліп жатыр. Дене қызуымен келген пациенттер тексеріледі", - деді Мұратов.
Елде инфекция жұқтырудың расталған жағдайлары тіркелмеді.
Вирустың сырттан келу қаупі бар ма?
Журналистер вице-министрден демалыс пен белсенді саяхат кезеңінде Қазақстанға хантавирустың сырттан әкеліну қаупі қаншалықты жоғары екенін сұрады. Алайда Тимур Мұратов инфекцияның әкеліну ықтималдығын бағалай алмады. Ол Денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ ұсынымдарын басшылыққа алатынын түсіндірді.
"ДДСҰ әзірге пандемия мүмкіндігі туралы айтып отырған жоқ, өйткені адамнан адамға жұғу қаупі өте төмен. Инфекция тек тығыз байланыс болған жағдайда жұғады. Бұл COVID-19 емес және ауа-тамшы жолымен таралмайды", - деп атап өтті вице-министр.
Мұратовтың пікірінше, инфекцияның жаппай таралу қаупі жоқ.
"Мен дәрігер ретінде пандемия қаупі жоқ деп есептеймін", - деп толықтырды ол.
Сондай-ақ вице-министр ауру жағдайлары анықталған елдерге сапар шегуге шектеу енгізу мәселесі қазір қарастырылып жатпағанын айтты.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі хантавирусқа байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады. Атап айтқанда, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті шетелге шығатын қазақстандықтарға ескерту жариялады.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 2 желтоқсанда Аргентинадан Кабо-Вердеге бара жатқан нидерландтық MV Hondius круиздік кемесінде қауіпті хантавирус өршіді. Үш адам қайтыс болды. 12 мамырда ДДҰ хантавирустан туындаған аурудың 11 ауру жағдайы анықталғанын хабарлады.