Лайнердегі қауіпті вирус өршіді: қазақстандық сарапшылар жаңа пандемия қаупі туралы айтты

ПОДЕЛИТЬСЯ

MV Hondius кемесі Полярлық экспедициялық кемесі MV Hondius. Фото: Oceanwide Expeditions

Кейінгі күндері әлем мамырдың басында Нидерландтың MV Hondius круиз лайнерінде тіркелген аса қауіпті хантавирусты талқылап жатыр. Індеттің сирек кездесетін ауқымы мен вирустың адамнан адамға жұғу қаупіне байланысты бұл жағдай жаһандық назарды аударды. Кеме бортында не болды, жаңа пандемия қаупі қаншалық нақты және Қазақстанның болашағы қандай — TengriHealth тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеді.


Кейінгі күндері әлем мамырдың басында Нидерландтың MV Hondius круиз лайнерінде тіркелген аса қауіпті хантавирусты талқылап жатыр. Індеттің сирек кездесетін ауқымы мен вирустың адамнан адамға жұғу қаупіне байланысты бұл жағдай жаһандық назарды аударды. Кеме бортында не болды, жаңа пандемия қаупі қаншалық нақты және Қазақстанның болашағы қандай — TengriHealth тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеді.

Борттағы алғашқы өлім: оқиға қалай өрбіді?

1 сәуірде кеме Ушуайядан (Аргентина) шығып, Оңтүстік Атлантиканың шалғай аралдары арқылы Кабо-Вердеге бағыт алған экзотикалық круизге аттанды. Бортта 149 адам болды: 88 жолаушы және 23 елден келген 61 экипаж мүшесі. Олардың арасында Испания, Франция, Германия, Грекия, Нидерланд, Ирландия, Польша, Португалия және басқа да мемлекеттердің азаматтары бар.

Алайда ерекше экспедиция болуға тиіс сапар көп ұзамай халықаралық төтенше жағдайға айналды.

Кеме жолға шыққаннан кейін 10 күн өткен соң, 11 сәуірде бортта 70 жастағы Нидерланд азаматы респираторлық аурудан қайтыс болды. Оның денесі Әулие Елена аралына жеткізілді. Көп ұзамай оның 69 жастағы жұбайы да ауырып қалды.

24 сәуірде әйел ауыр халде Оңтүстік Африкадағы Йоханнесбург ауруханасына эвакуацияланды. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Сол күні тағы бір жолаушы, Ұлыбритания азаматы, денсаулығының нашарлауына байланысты кеме дәрігеріне жүгінді. Ер адам келесі күні эвакуацияланды. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.

2 мамырда Германиядан келген жолаушы әйелдің қайтыс болғаны белгілі болды.

Тек 4 мамырда үш жолаушы — Нидерландтан келген ерлі-зайыпты мен Германия азаматы — Анд вирусынан қайтыс болғаны анықталды. Бұл — адамнан адамға жұға алатын әрі өлім-жітім деңгейі жоғары, яғни 35–40 пайызға жететін хантавирустың белгілі жалғыз штаммы.

Алдын ала мәлімет бойынша, індет круиздік лайнер жолға шықпай тұрып, Аргентинада басталуы мүмкін.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, аргентиналық тергеушілер Нидерландтан келген ерлі-зайыпты Ушуайяда құс бақылау сапары кезінде вирус жұқтыруы мүмкін деп болжайды.

Материал жарияланған сәтте кемінде сегіз адамның вирус жұқтырғаны белгілі. Олардың ішінде Нидерланд пен Германиядан келген үш жолаушы қайтыс болған.

Сегіз жағдайдың бесеуінде хантавирус зертханада расталған, тағы үшеуі күдік ретінде қаралып жатыр. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус X, бұрынғы Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.

Лайнердің Канар аралдарына кіруіне қатысты дау: қазір не болып жатыр?

6 мамырда Кабо-Верде жағалауында үш күн тұрған кеме Испанияға қарай бет алды. Кабо-Верде — Атлант мұхитындағы арал мемлекет.

10 мамырда MV Hondius лайнері Канар аралдарының бірі — Тенерифеде айлаққа тоқтады.

Испанияның денсаулық сақтау министрі Моника Гарсия бұған дейін бортта қалған адамдарда ауру белгілері болмағанын хабарлаған. Науқастардың бәрі каюталарда оқшауланған.

Кеме аралға таңертең ерте жетті. Бірнеше сағаттан кейін Испания билігі мен дәрігерлер жолаушыларды эвакуациялау жұмыстарын бастады.

Кемені Испания архипелагына жіберу туралы шешім қоғамда әртүрлі пікір туғызды. Атап айтқанда, Канар аралдарының президенті Фернандо Клавихо лайнер келерден бірнеше күн бұрын кеменің Тенерифеге кіруін қолдамайтынын мәлімдеген.

"Жолаушылар Кабо-Вердеде істей алатын нәрсені осы жерде де істеуі үшін оларды үш күн бойы Канар аралдарына дейін теңізбен әкелудің қажеті не? Егер олар вирус жұқтырмаған болса және денсаулық сақтау саласында төтенше жағдай болмаса, неге Нидерландқа қарай сапарын жалғастырмасқа? Неге оларды Канар аралдарына әкелу керек?" — деді ол.

Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус бұған жауап ретінде ұйым Канар аралдарының тұрғындары үшін қауіп деңгейін әлі де төмен деп бағалайтынын хабарлады.

Оның айтуынша, сол кезде кемеге ДДСҰ сарапшысы, Нидерландтан келген екі дәрігер және Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығының маманы мінген. Олар лайнер Канар аралдарына жеткенге дейін бортта болған.

"Олар MV Hondius бортындағы барлық адамды медициналық тексеруден өткізіп, жұқтыру қаупін бағалау үшін деректер жинайды. ДДСҰ жолаушылар мен экипажды қауіпсіз әрі лайық түрде түсіру, сондай-ақ келгеннен кейін олардың әрі қарай қозғалуын ұйымдастыру бойынша кезең-кезеңімен орындалатын жедел ұсыным әзірлеп жатыр", — деп хабарлады Тедрос.

MV Hondius полярлық экспедициялық кемесі. Фото: Oceanwide Expeditions

Қанша адам вирус жұқтырған және жолаушылар қай елдерге кетті?

Қазір Аргентина, Канада, Германия, Нидерланд, Сингапур, Филиппин, Ұлыбритания, Швейцария, Испания, Оңтүстік Африка және басқа да елдердің азаматтары бақылауға алынды. Олардың бәрі хантавирус туралы белгілі болғанға дейін және лайнер Тенерифеге жетпей тұрып, әртүрлі аялдамаларда кемеден түскен.

Жолаушылар әр елге қалай тарады? Бұл жерде де оқиға хронологиясына назар аудару маңызды.

MV Hondius кемесіне иелік ететін Oceanwide Expeditions компаниясының баспасөз қызметі 24 сәуірде Әулие Елена аралында лайнерден 12 елден келген 30 жолаушы түскенін хабарлады. Олардың арасында кейін қайтыс болған нидерландтық әйел де болған. Ол кезде оның жұбайы көз жұмып үлгерген еді — оның денесі де аралдағы аялдама кезінде кемеден шығарылған.

Канада

7 мамырда Канаданың денсаулық сақтау министрі Маржори Мишель мен сыртқы істер министрі Анита Ананд X, бұрынғы Twitter әлеуметтік желісінде кемеде болған екі канадалықтың елге оралғанын мәлімдеді.

Тағы бір Канада азаматы бортта болмаған, бірақ сол рейспен ұшқан және ауру белгілері бар адаммен байланыста болуы мүмкін. Үшеуінде де инфекция белгілері жоқ, алайда олар өзін-өзі оқшаулап, дәрігерлер бақылауында отыр.

Германия

6 мамырда ауру белгілері болмаған Германия азаматы эвакуацияланды. Ол Германиядан келген, кейін қайтыс болған жолаушымен байланыста болғандықтан, тексеруден өту үшін Дюссельдорф ауруханасына жеткізілді.

Нидерланды

Тенерифеге түскенге дейін эвакуацияланғандардың арасында экипаж мүшесі болған 41 жастағы Нидерланды азаматы да болғаны хабарланды.

Сингапур

7 мамырда Сингапур билігі MV Hondius бортында болған елдің екі тұрғынын оқшаулап, бақылауға алды. Екі жолаушы да лайнерден ерте түсіп, кейінірек хантавируспен ауырғаны белгілі болған адаммен бір рейспен ұшқан.

Олардың сараптама нәтижелері әлі дайын емес, бірақ билік ел тұрғындары үшін аурудың таралу қаупін төмен деп бағалап отыр.

Швейцария

Швейцарияның Федералдық денсаулық сақтау басқармасы 6 мамырда MV Hondius бортында болған ер адамның хантавирус жұқтырғанын және Цюрих университеттік ауруханасында ем алып жатқанын хабарлады.

Ұлыбритания

ДДСҰ мәліметінше, 27 сәуірде жоғары дене қызуымен, ентігумен және пневмония белгілерімен кеме дәрігеріне өзі жүгінген ұлыбританиялық жолаушы мамырдың басында білікті көмек көрсету үшін ең жақын ел — Оңтүстік Африка Республикасына эвакуацияланды.

Науқастың вирус жұқтырғаны расталды, қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.

Вирус жұқтырды деген күдікке ілінген тағы бір Ұлыбритания азаматы — экипаж мүшесі 6 мамырда кемеден эвакуацияланғандардың арасында болды.

Тағы екі ұлыбританиялық өзін-өзі оқшаулау режимінде — олар круиз лайнерден Әулие Елена аралына тоқтаған кезде түсіп қалған.

ДДСҰ басшысының айтуынша, хантавирустың инкубациялық кезеңін ескерсек, "тағы басқа жағдайлар тіркелуі мүмкін".

Дегенмен, оқиғаның маңыздылығына қарамастан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хантавирустың таралу қаупін төмен деп бағалайды.

Хантавирус туралы не белгілі?

Хантавирустар — бұл адамға тек инфекция жұқтырған кеміргіштерден, атап айтқанда ұзын құйрықты күріш тышқаны арқылы берілетін зоонозды вирустар тобы. Адам ауру жануарлардың несебінде, сілекейінде немесе нәжісінде болатын вирус бөлшектері бар ауаны жұтқан кезде жұқтыруы мүмкін.

Адамнан адамға берілуі мүмкін болатын жалғыз ерекшелік — Анд вирусы, лайнердің үш жолаушысы дәл осы вирустан қайтыс болған. Ол негізінен Аргентина мен Чилиде "мекендейді".

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының баспасөз қызметі вирустың жұққан беттермен жанасу арқылы да таралуы мүмкін екенін түсіндірді. Сирек жағдайда ол вирусты тасымалдайтын кеміргіштердің шағуы арқылы да беріледі.

"Вирус негізінен аурудың продромальды кезеңінде тығыз және ұзақ байланыс кезінде таралуы мүмкін", — делінген хабарламада.

Анықтама:Продромальды кезең — бұл инкубациялық кезең, аурудың бастапқы сатысы.

Мамандар аурудың симптомсыз басталатынын айтады. Инкубациялық кезең жеті күннен 42 күнге дейін немесе одан да көп уақыт, бастапқы кезең — үш күннен алты күнге дейін. Ол мына белгілермен қатар жүреді:

  • бас ауруы,
  • әлсіздік және бұлшықет ауруы,
  • жүрек айнуы және құсу,
  • диарея,
  • жөтел және ентігу.
Аурудың соңғы сатысында тыныс алудың күрт бұзылуы, гипоксия, өкпенің ісінуі байқалады.

ҰҚДСО инфекцияның таралуына ықпал ететін факторларға мыналар жататынын хабарлады:

  • адамдардың жабық кеңістікте ұзақ болуы;
  • ортақ каюталар мен тамақтану орындары;
  • желдету жүйесінің шектеулі болуы;
  • инкубациялық кезеңнің ұзақтығы;
  • жолаушылардың халықаралық бағыттарда жиі қатынауы.

Дегенмен, қазақстандық сарапшылар әлем халқы үшін жаһандық қауіп деңгейі төмен немесе өте төмен деп бағаланатынын атап өтті, себебі Анд вирусының табиғи резервуары Еуропа елдерінің көбінде және Оңтүстік Америкадан тыс өзге өңірлерде кездеспейді.

"Жұқтыру қаупі тек науқастармен тығыз байланыста болған адамдар үшін жоғары", — дейді мамандар.

Қазақстанға қауіп төніп тұр ма?

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы елімізде Анд вирусының таралмағанын айтып, жұртты сабырға шақырды.

"Халықтың халықаралық мобильділігі жағдайында хантавирус инфекцияны, сондай-ақ басқа да трансшекаралық инфекцияларды елге әкелу қаупі сақталады. Бірақ оның деңгейі азаматтарымыз баратын елдердегі эпидемиологиялық жағдайға және, әрине, инфекцияның ықтимал көздерімен жанасуына байланысты", — делінген хабарламада.

Ведомство бүгін жағдай бақылауда екенін, халық арасында алаңдауға негіз жоқ екенін баса айтты. Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі инфекцияның сырттан келуі мүмкін жағдайларына ден қоюға дайын.

Хантавирус неге COVID-ке ұқсамайды және пандемия болуы мүмкін бе?

Жаңалықтар қорқынышты көрінгенімен және қоғамда жаңа пандемия мен маска режимінің қайта оралу ықтималдығы талқыланып жатқанына қарамастан, сарапшылар ДДСҰ өкілдері секілді инфекцияның жаһандық таралу қаупін төмен деп санайды.

Биолог, иммундау мәселелері жөніндегі консультант Әсел Мұсабекова хантавирустардың табиғаты бойынша жаңа пандемияға себеп болуы екіталай екенін атап өтті, өйткені жұқтыру үшін — әсіресе сөз болып отырған Анд штаммы жағдайында — тығыз байланыс қажет.

Хантавирус — адамнан адамға оңай жұғатын COVID-19 немесе тұмау сияқты классикалық респираторлық вирус емес, сондықтан оның жаңа пандемияға әкелуі мүмкін деген қауіп жоқ.

"Бұл өршу кезінде адамдар круиздік лайнерде бір-бірімен тығыз байланыста болған. Сондай-ақ ауырғандардың арасында бір рейспен ұшқан жолаушылар да бар", — деп атап өтті сарапшы.

Мұсабекова бұл вирустан болатын өлім-жітім көрсеткіші шамамен 35–40 пайызға жететінін еске салады. Бір жағынан, бұл өте жоғары әрі қорқынышты көрсеткіш. Бірақ дәл осындай ауыр ағымының кесірінен вирустың кеңінен таралуы және пандемия тудыруы қиынырақ.

"Жоғары өлім-жітім деңгейі індеттің таралуын тезірек тоқтатады: адам қайтыс болғанда, ол ауруды әрі қарай таратпайды. COVID-19 жағдайында жағдай басқаша болды. Ауруын сезбейтін және айналасындағыларға жұқтыруы мүмкін симптомсыз тасымалдаушы өте көп болды. Сондықтан да вирус әлдеқайда қарқынды таралды".

Әсел Мұсабекованың пікірінше, COVID-19 кезіндегідей карантиндік немесе маска режиміндегі шектеулер де болмауы ықтимал.

"Жергілікті індеттің жаһандық пандемияға ұласуын әдетте қандай факторлар анықтайды? Жаңа ғана айтқан R көрсеткіші — бұл бір науқастың орта есеппен қанша адамға жұқтыруы мүмкін екенін көрсететін сан. Бұл жағдайда ол COVID-19, тұмау және басқа да ұқсас вирустарға қарағанда әлдеқайда төмен", — деп түсіндіреді ол.

Дегенмен, сарапшы қазақстандықтарға хантавирустардың әртүрлі болатынын және кейбір түрлері біздің еліміздің аумағында — атап айтқанда Батыс Қазақстан мен Алматы облысында кездесетінін есте сақтау керегін айтады. Олар адамнан адамға жұқпайды, бірақ соған қарамастан ауырған адам үшін қауіпті болуы мүмкін.

Ескеру керек екінші мәселе — саяхат кезіндегі инфекция жұқтыру қаупі. Анд вирусын жұқтырған Нидерландыдан келген алғашқы жұпты еске түсіріңізші. Олар Аргентинада құстарды бақылау экскурсиясында болған.

"Бұл - біз турист ретінде бейтаныс экожүйеге түсіп, айналамызда қандай инфекциялық агенттер мен қандай қауіп барын білмейтін жағдай. Сондықтан сапарға шықпас бұрын баратын жеріңіз туралы мүмкіндігінше көбірек ақпарат білуге тырысу керек", — деп кеңес береді Мұсабекова.

Бұл сондай-ақ саяхат алдындағы вакцинация мәселесіне де қатысты.

TengriEdu