Денсаулық сақтау министрлігі 1991 жылдан бері қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы қалай өзгергенін айтты, деп хабарлайды TengriHealth.
Ведомство мәліметінше, Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетті - бұл еліміздің тәуелсіздік тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
"1991 жылы өмір сүру ұзақтығының орташа көрсеткіші 67,6 жасты құраған болатын (2001 жылы - 65,6, 2011 жылы - 68,98, 2021 жылы - 70,23). Осылайша, үш жарым онжылдықтағы прогрестің арқасында Қазақстан азаматтарының орташа өмір сүру ұзақтығы 8 жылдан астам уақытқа ұзарды", - делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл көрсеткішке әсер еткен маңызды факторлардың бірі ретінде Қазақстандағы өлім-жітімнің негізгі себептері саналатын жұқпалы емес аурулармен күресу шараларын атады.