Кене энцефалитінен қорғану: Алматыда иммуноглобулин қай жерде бар?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Кене энцефалитінен қорғану: Алматыда иммуноглобулин қай жерде бар? Фото: depositphotos.com

Алматыда кене шаққаннан кейін медициналық көмекке жүгінетін тұрғындар қатары әлі де жоғары. Бұл ретте адамдар кене энцефалитінің шұғыл профилактикасы үшін қолданылатын иммуноглобулин тапшылығына шағымданып жатыр. Қалада иммуноглобулин қай жерде бар және оны қалай алуға болатыны туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті түсіндірді, деп хабарлайды TengriHealth.


Алматыда кене шаққаннан кейін медициналық көмекке жүгінетін тұрғындар қатары әлі де жоғары. Бұл ретте адамдар кене энцефалитінің шұғыл профилактикасы үшін қолданылатын иммуноглобулин тапшылығына шағымданып жатыр. Қалада иммуноглобулин қай жерде бар және оны қалай алуға болатыны туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті түсіндірді, деп хабарлайды TengriHealth.

Шұғыл көмекті қайдан алуға болады?

Алматы СЭБД мәліметінше, маусымда кене шаққандардың тым көп болуына байланысты қала емханаларында иммуноглобулин расында таусылып қалған.

"Жыл басынан бері иммунобиологиялық дәрілік препараттар қоймасына 13 литр 970 миллилитр кенеге қарсы иммуноглобулин түсті. Бұл көлем кене шағуына байланысты жүгінетіндердің орташа жылдық саны негізінде есептелген болатын. Биыл мұндай адамдар саны көп болды, сондықтан кене энцефалитінің шұғыл профилактикасына арналған препарат шығыны да артты", - деп хабарлады департамент.

Дегенмен, СЭБД мәліметінше, 23 маусымдағы жағдай бойынша қалаға препараттың қосымша партиясы жеткізілген.

"23 маусымда қоймаға бір литр мөлшерінде иммуноглобулин жеткізілді", - деп нақтылады ведомство өкілдері.

СЭБД дерегі бойынша, 24 маусымда препарат медициналық ұйымдар арасында үлестірілді:

  • Орталық қалалық клиникалық аурухана,
  • №4 қалалық клиникалық аурухана,
  • №7 қалалық клиникалық аурухана,
  • Жедел шұғыл көмек көрсету қалалық ауруханасы,
  • Балалар шұғыл медициналық көмек орталығы.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қазіргі уақытта кенеге қарсы иммуноглобулинді 15 литр көлемінде сатып алуға қосымша өтінім жолданғанын хабарлады.

Кене шаққан жағдайда не істеу керек?

Мамандар кене шаққан кезде дереу тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға немесе жақын маңдағы травматологиялық пунктке жүгінуді ұсынады, онда медицина қызметкерлері инкубациялық кезең ішінде бақылау жүргізеді.

"Иммуноглобулин егу мәселесін медицина қызметкері медициналық көрсеткіштерді ескере отырып, жеке тәртіппен шешеді", - делінген ведомство жауабында.

Энцефалитке қарсы вакцина

СЭБД Алматыда кене энцефалитіне қарсы вакцина бар екенін мәлімдеді.

Ведомство мәліметіне сәйкес, 17 маусымдағы жағдай бойынша Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының иммунобиологиялық дәрілік препараттар қоймасында 13 362 доза "ТикоВак" (өндіруші - Бельгия) вакцинасы бар.

"Кене энцефалитіне қарсы вакциналау тұрғылықты жері бойынша қалалық емханаларда тегін жүргізіледі", - деді департаменттегілер.

Иммуноглобулиннің вакцинадан айырмашылығы неде?

Иммуноглобулин - белгілі бір инфекцияға қарсы дайын қорғаныс антиденелері бар препарат. Ол аурудың даму қаупін азайту үшін инфекция жұқтыруы мүмкін болғаннан кейін шұғыл профилактика мақсатында қолданылады.

Вакцина басқа принцип бойынша жұмыс істейді: ол иммунитетті қорғанысты өздігінен өндіруге "үйретеді". Одан кейін қорғаныс біртіндеп қалыптасады және ұзақ уақыт сақталады.

Иммуноглобулин тез әсер ете бастайды, бірақ оның әсері уақытша.

Кене шаққаннан кейін қандай жағдайда иммуноглобулин қолданылады?

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы қазақстандық клиникалық хаттамаларға сәйкес, кене энцефалитіне қарсы шұғыл профилактика кене шаққаннан кейінгі алғашқы 96 сағатта (төрт тәулік) барынша тиімді екенін түсіндірді.

"Сондықтан кейбір жағдайларда дәрігер жәндікті зерттеу нәтижесін күтпестен, кенеге қарсы иммуноглобулин егу туралы шешім қабылдауы мүмкін. Мәселе инфекция жұқтыру қаупін бағалағаннан кейін жеке тәртіппен шешіледі", - деп түсіндірді сарапшылар.

Шұғыл профилактика әсіресе кене энцефалитінің табиғи ошақтары тіркелген Алматы, Жетісу облыстары мен Алматының эндемиялық аумақтары үшін өзекті.

Қашан ауруханаға жатқызу қажет болады?

Кене шаққаннан кейін, адам вакцина алған немесе иммуноглобулин ектірген болса да, мамандар науқастың жай-күйін мұқият бақылауды ұсынады - клиникалық белгілер пайда болған жағдайда, науқас ауруханаға жатқызылуы мүмкін.

Қауіпті белгілер:

  • дене қызуының көтерілуі,
  • қатты әлсіздік, дененің сырқырауы,
  • қатты бас ауруы,
  • жүрек айнуы,
  • лимфа түйіндерінің ісуі,
  • кене шаққан жердің қызаруы,
  • бұлшықеттер мен буындардың ауыруы,
  • сөйлеудің бұзылуы және басқа да неврологиялық белгілер.

Еске сала кетейік, бұған дейін Талғар тұрғыны кене шаққаннан кейін аудандық ауруханада кенеге қарсы иммуноглобулинді бірден ала алмағанын айтқан болатын. Оның сөзінше, медициналық мекеме келушілер көптігінен препарат таусылып қалғанын хабарлаған. Аурухана кене шағу жағдайлары артқанын растап, биыл жүгіну көрсеткіші рекорд деңгейде екенін мәлімдеді.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда бір аптада мың жарым адамды кене шаққан: қалай сақтану керек?