Қазақстанда медициналық көмекке жүгінбей, өз бетінше емделетін азаматтардың үлесі артты. Олардың арасында клиникалардағы кезек пен "өзі жазылып кетеді" деген сенім басты себеп ретінде аталады, - деп хабарлайды TengriHealth тілшісі Ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстандықтар неге дәрігерге бармайды?
Аналитиктер Ұлттық статистика бюросының жыл сайын шамамен 12 мың адам қатысатын зерттеу мәліметтеріне сүйенеді. Былтырғы сауалнама қорытындысы бойынша, респонденттердің 13 пайызы түрлі себептермен денсаулық сақтау қызметтерін пайдалана алмаған.
Осы топтың 45,5 пайызы өз бетінше емделгенін мойындады. 2021 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 5,5 пайызға өскен.
Сауалнамаға қатысқандардың тағы 14,5 пайызы "ауру өздігінен жазылады" деген оймен дәрігерге бармайтынын мәлімдеді. Төрт жыл ішінде мұндай жауаптардың үлесі 6,9 пайыздық тармаққа артты.
Медициналық көмекке жүгінуден бас тарту себептері ретінде респонденттер мыналарды да атады:
- ауруханалардағы ұзын-сонар кезек - 29,3 пайыз (төрт жылда 10,5 пайыздық тармаққа өскен);
- қажетті маманның болмауы - шамамен 25 пайыз;
- дәрі-дәрмектің қымбаттығы - шамамен 23 пайыз;
- ақылы медициналық қызметтердің қымбаттығы - шамамен 20 пайыз.
Жақында Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова үкіметке жолдаған сауалында бейінді агенттіктерге сілтеме жасап "қазақстандықтардың 42 пайызына дейіні кем дегенде бір рет дәрігерге қаралмай, әлеуметтік желілердегі емдеу туралы кеңестерге жүгінгенін, өз бетінше диагноз қойып, препараттар тағайындағанын" атап өтті.
Бұған дейін адамдар жүйені неге түсінбейтіні, диагноздарға сенбейтіні, кезекке тап болатыны және әлі күнге дейін Қазақстаннан шетелге неге емделуге баратыны туралы жазған едік. Біз пациенттердің шағымдарын жинап, оларды Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының дәрігерлеріне жолдадық. Онкологиялық қызметтегі мәселелердің қалай шешіліп жатқаны туралы толығырақ мына жерден оқи аласыздар.