“Сіз қауіп тобындасыз“: дәрігер ыстыққа байланысты жүкті әйелдерге үндеу жасады

ПОДЕЛИТЬСЯ

“Сіз қауіп тобындасыз“: дәрігер ыстыққа байланысты жүкті әйелдерге үндеу жасады Фото:depositphotos.com

Қазақстанда аномальды ыстық жалғасып жатыр. Дәрігерлер мұндай ауа райында әсіресе жүкті әйелдерге сақ болуды ескертеді. Tengri Health тілшісі акушер-гинекологпен тілдесіп, болашақ аналарға қандай белгілерді елеусіз қалдыруға болмайтынын анықтады.


Неліктен ыстық жүкті әйелдер үшін қауіптірек?

Жоғары санатты акушер-гинеколог Раушан Дәутованың түсіндіруінше, жүкті әйелдің ағзасы кәдімгі адамға қарағанда мүлдем басқаша жұмыс істейді: жүрек-қан тамырлары жүйесіне түсетін салмақ әлдеқайда жоғары.

"Екінші триместрге қарай жүкті әйелдерде қан айналымының көлемі 30–50 пайызға артады, соның салдарынан жүрекке түсетін жүктеме көбейеді. Ыстық ауа райында тамырлар кеңейіп, артериялық қысым төмендеуі мүмкін, ал жүрек қалыпты қан айналымын сақтау және ағзаны салқындату үшін қарқынды жұмыс істеуге мәжбүр болады. Бұл естен тану қаупін арттырады және ұрықтың қанмен қамтамасыз етілуін нашарлатуы мүмкін", – деп түсіндірді дәрігер.

Оның айтуынша, анемиясы, ісінуі, жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары бар әйелдер мен 35 жастан асқан болашақ аналар ерекше қауіп тобына жатады.

Фото:depositphotos.com

Қандай белгілерді елеусіз қалдыруға болмайды?

Гинеколог денсаулықтың нашарлауына немқұрайлы қарамауға кеңес береді. Егер ыстықта бас айналып, көз қарауытса, әлсіздік пайда болса немесе іштің төменгі жағы тартып ауырса, бұл ағзаның қатты қызып кеткенін немесе назар аударуды қажет ететін басқа да жағдайларды білдіруі мүмкін.

Мұндай жағдайда не істеу керек? Дәрігердің айтуынша, салқын жерге өтіп, ірі қан тамырларына түсетін жүктемені азайту үшін сол жақ қырымен жату керек және суды кішкене ұрттамдармен баяу ішу қажет.

Сонымен қатар бірден жедел жәрдем шақыруды талап ететін бір белгі бар.

Егер тері ыстық әрі құрғақ болып, тер шықпаса, дереу жедел жәрдем шақыру қажет. Дәрігердің айтуынша, жүктілік кезіндегі ыстық өту өте қауіпті және ауыр жағдайларда плацентаның мерзімінен бұрын ажырауына себеп болуы мүмкін.

Фото:depositphotos.com

Қанша су ішу керек?

Маманның айтуынша, көптеген жүкті әйел ісінуден қорқып, су ішуді әдейі шектейді. Алайда, ыстық ауа райында ағзаның сусыздануы әлдеқайда үлкен қауіп төндіреді.

Егер дәрігер медициналық көрсеткіштер бойынша сұйықтықты шектеуді ұсынбаса, ыстық күндері ересек адамға тәулігіне 2–2,2 литрге жуық суды әр 30–40 минут сайын аз мөлшерде ішу ұсынылады.

Дәрігердің сөзінше, ең дұрыс таңдау – бөлме температурасындағы кәдімгі ауыз су.

"Мұздай су ішуге де болмайды. Бөлме температурасындағы суға бір тілім лимон салған дұрыс. Немесе үй жағдайында қантсыз клюква морсын дайындауға болады. Кез келген "химиядан" бас тартамыз: бояғыштары бар газдалған сусындар метеоризм мен іш кебуін тудырады", – деп кеңес берді Дәутова.

Далаға қашан шығу керек және қалай киіну қажет?

Гинеколог сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін сыртқа шықпауға, ал серуенді таңертең ерте немесе кешке қалдыруға кеңес береді.

"Құрметті болашақ аналар, қырық градус ыстықта үйде отырыңыздар. Егер сыртқа шығу өте қажет болса, үстіңізде табиғи матадан тігілген ашық түсті киім, басыңызда бас киім болуы керек және өзіңізбен бірге міндетті түрде су алып жүріңіз. Суды аз-аздан ұрттап ішу керек", – деп атап өтті Дәутова.

Сондай-ақ дәрігер көшеде денсаулық нашарлап, шұғыл көмек қажет болған жағдай үшін өзіңізбен бірге дәрігердің байланыс мәліметтері жазылған жүкті әйел картасын алып жүруді ұсынады.

Не істеуге мүлдем болмайды?

Дәрігер жүкті әйелдердің ыстық ауа райында неден аулақ болу керектігін де тізіп берді. Бұл ең алдымен мұздай суға, салқын душқа және кондиционердің қатты соққан салқын ауасына қатысты.

"Температураның шамамен 10 градусқа кенет өзгеруі жатыр тонусының көтерілуіне түрткі болуы мүмкін. Сондықтан кондиционерді 24–25 градусқа қойып, ауа ағынын адамға емес, жоғарыға бағыттаған дұрыс".

Екіншісі – қарқынды физикалық жаттығулар. Дәрігердің айтуынша, ыстық ауа райында олар сусыздану қаупін арттырады, сондықтан жүкті әйелдерге белсенді жаттығулардан бас тартқан жөн.

"Ыстықта жайбарақат серуендеумен, тыныс алу гимнастикасымен немесе дәрігер ұсынған жаттығулармен шектелген дұрыс", – деп нақтылады Дәутова.

Үшіншісі – шалқадан жатып ұйықтау, әсіресе жүктіліктің соңғы кезеңдерінде. Бұл қалып қан айналымын нашарлатып, қолайсыздық тудыруы мүмкін, сондықтан дәрігер қырынан, дұрысы сол жақ қырынан жатуды ұсынады.

Төртіншісі – дәрі-дәрмек мөлшерін өз бетінше өзгерту. Дәрігердің айтуынша, ыстықта ағза дәрілерге басқаша әсер етіп жатқандай көрінсе де, маманмен кеңеспей емдеу тәртібін түзетуге болмайды.

"Егер біз жүкті әйелдегі гипертензияны емдеп жатсақ, қажет болған жағдайда дәрілердің мөлшерін тек бетпе-бет қабылдау кезінде ғана түзетеміз. Өз бетінше мөлшерді азайтуға немесе көбейтуге болмайды - емдеудегі кез келген өзгерістер тек дәрігермен талқылануы тиіс", – деп баса айтты гинеколог.

Дәрігер жүкті әйелдерге өзін жақсы сезініп тұрса да, таңертең және кешке артериялық қысымды өлшеп тұруды ұсынды.

"Егер бойыңыздан әлсіздік сезсеңіз, ағзаңыздың берген белгілеріне бейжай қарамаңыз, міндетті түрде демалыңыз. Жағдайыңыз нашарласа, қан қысымын өлшеуді кейінге қалдырмай, қажет болған жағдайда дәрігеріңізбен хабарласыңыз. Қазіргі уақытта ең бастысы - өз денсаулығыңыз бен баланың амандығын сақтай отырып, жүктілік кезеңін сабырмен өткеру", - деп атап өтті маман.

Анықтама: Раушан Дәуітова - акушер-гинеколог, жоғары санатты дәрігер. С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ды, "Акушерлік және гинекология" мамандығы бойынша резидентураны бітірген, акушерлік пен гинекологиядағы УДЗ бойынша оқудан өткен. Акушерлік, гинекология және перинатология ұлттық орталығының акушер-гинекологы, жұмыс өтілі - 8 жылдан асады.

Тағы оқыңыздар: 44 градус ыстық және жаңбыр: 16 шілдеде Қазақстанда ауа райы қандай болады?