2026 жылдың 1 сәуірінде Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Жосалы кентінен ауыр диагноз қойылған сәби Қызылордадағы перинаталдық орталыққа жеткізілді, - деп хабарлайды TengriHealth.
Не болған?
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы (ҰШМҮО) мәліметінше, сәбиге ми ишемиясы (өткір кезең) және гипоксиялық-ишемиялық энцефалопатия диагнозы қойылған. Тасымалдау кезінде нәрестенің туғанына небәрі екі күн болған.
"Облыстық перинаталдық орталық мамандарымен телемедициналық кеңес өткізілгеннен кейін, дәрігерлер пациентті шұғыл түрде тасымалдау туралы шешім қабылдады", - деп хабарлады ҰШМҮО өкілдері.
Тасымалдау қалай ұйымдастырылды?
Ұшу кезінде жаңа туған нәресте өкпені жасанды желдету аппаратына қосулы болған. Оған неонатолог-реаниматолог Зухра Әмзеева мен медициналық авиацияның мобильді бригада фельдшері Нұрым Аманов еріп барды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпараты бойынша, сәбиді "Қазавиақұтқару" тікұшағының ұшқыштары жеткізген.
"Экипаждың кәсібилігі мен медициналық бригаданың үйлесімді жұмысы арқасында ұшу сәтті өтті. Нәресте анасымен бірге медициналық мекемеге жеткізіліп, мамандардың бақылауына берілді", - делінген хабарламада.
ҰШМҮО мәліметінше, бүгінде пациенттің жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланған. Жүргізіліп жатқан емдеу шаралары нәтижесінде дәрігерлер оң динамиканы байқап отыр.