Лас кіреберіс, суық батарея мен қоқыс: ПИК пен МИБ-ке не үшін айыппұл салынуы мүмкін?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Лас кіреберіс, суық батарея мен қоқыс: ПИК пен МИБ-ке не үшін айыппұл салынуы мүмкін? Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Төбеден су ағады, кіреберіс жиналмайды, жарық жиі өшеді немесе қыста батарея суық болып тұрады - көпқабатты үй тұрғындарына таныс мәселелер. Бірақ үйдің жай-күйіне нақты кім жауапты екенін және ПИК немесе МИБ әрекетсіздік танытқан жағдайда қайда шағымдану керектігін бәрі бірдей біле бермейді. Tengri Life басқарушы компанияларға қандай жағдайда айыппұл салынатынын және өтінішіңіз ескерусіз қалса, қайда жүгіну керектігін анықтады.


Төбеден су ағады, кіреберіс жиналмайды, жарық жиі өшеді немесе қыста батарея суық болып тұрады - көпқабатты үй тұрғындарына таныс мәселелер. Бірақ үйдің жай-күйіне нақты кім жауапты екенін және ПИК немесе МИБ әрекетсіздік танытқан жағдайда қайда шағымдану керектігін бәрі бірдей біле бермейді. Tengri Life басқарушы компанияларға қандай жағдайда айыппұл салынатынын және өтінішіңіз ескерусіз қалса, қайда жүгіну керектігін анықтады.

Үйдің жай-күйіне кім жауапты?

Көбінесе барлық мәселе бойынша МИБ немесе ПИК төрағасын кінәлау әдетке айналған. Алайда, "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңға сәйкес, көппәтерлі үйді басқарудың негізгі органы пәтер иелерінің өзі.

Алматы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасы еске салды: жөндеу, шығындар, мердігерлер мен үйді күтіп ұстау туралы шешімдерді жалпы жиналыста тұрғындар қабылдайды. Барлық шешім хаттамада тіркеліп, барлық меншік иесі үшін міндетті болып саналады.

"Жиналыста қабылданған шешімдер барлық пәтер мен тұрғын емес жай иелері үшін міндетті және сотта даулы немесе өзге де мәселелерді қарау кезінде құжат ретінде есептеледі", - деп атап өтті басқармадағылар.

Ведомствоның нақтылауынша, ПИК, МИБ және басқарудың өзге де нысандары үйдің ортақ мүлкінің тиісті деңгейде сақталуын қамтамасыз етуге, санитарлық және техникалық нормаларды сақтауға міндетті.

ПИК немесе МИБ үстінен қашан шағымдануға болады?

Егер тұрғындар үйге нашар қызмет көрсетіледі деп есептесе, тұрғын үй инспекциясына жүгіне алады. Тексеріс ПИК, МИБ, ПИТК және басқа да басқарушы ұйымдарға қатысты жүргізіледі.

Инспекторлар кіреберістің тазалығын ғана емес, құжаттарды, инженерлік желілердің жай-күйі мен қаржылық есептілікті де тексереді.

Тұрғын үй инспекциясы нені тексереді?

Құжаттар мен үйді басқару

Тексеріс кезінде инспекция мына жайттарды анықтайды:

  • басқарушы компаниямен келісімшарт бар ма;
  • кондоминиум тіркелген бе;
  • шығындар сметасы бекітілген бе;
  • жиналыс хаттамалары дұрыс рәсімделген бе;
  • МИБ төрағасы мен үй кеңесінің өкілеттік мерзімі өтпеген бе;
  • басқарушының тиісті біліктілігі бар ма.

Үйдің қаржысы

Сондай-ақ мыналар тексеріледі:

  • бөлек жинақ шоты ашылған ба;
  • ағымдағы есеп айырысу шоты бар ма;
  • тұрғындар шығындар туралы ай сайынғы және жылдық есептерді алып тұра ма.

Үйдің жай-күйі

Инспекторлар мыналарды бағалайды:

  • кіреберістің, қасбеттің, шатырлар мен жертөлелердің жай-күйі;
  • лифттер мен инженерлік желілердің жұмысқа қабілеттілігі;
  • пандустардың болуы және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жағдайлар;
  • дезинфекция, дератизация және дезинсекция жұмыстарының жүргізілуі.

Кіреберіс лас болса не істеу керек?

Егер тұрғындар тазалық сапасына көңілі толмаса, бұл мәселені жалпы жиналысқа шығарып, мердігерді ауыстыра алады.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қоқыс пен үй маңындағы аумақ күтімі нашар болғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша айыппұл салынуы мүмкін.

Айыппұл көлемі:

  • жеке тұлғалар (қатардағы азаматтар) үшін - 20 АЕК.
  • шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар үшін - 30 АЕК.
  • орта кәсіпкерлік субъектілері үшін - 40 АЕК.
  • ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін - 100 АЕК.

Төмендегі жағдайлар заңбұзушылық болып саналады:

  • қоқысты белгіленбеген жерге тастау;
  • аумақтың нашар жиналуы;
  • қалдықтарды уақтылы шығармау.

Батареяның суық болуына кім жауапты?

Үйдің ортақ мүлкіне кондоминиумды басқару органы - ПИК немесе МИБ жауап береді. Бұл кіреберіске, қасбетке, баспалдаққа, шатырға, жертөле мен үй ішіндегі инженерлік желілерге қатысты.

Алайда, пәтер ішіндегі құбыр мен батарея - тұрғын үй иесінің жауапкершілік аймағы. Басқармадағылар жылумен жабдықтаушы ұйымдар пәтер ішіндегі жылыту жүйелерін ауыстыруға міндетті емес екенін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар үйді жылыту маусымына нашар дайындағаны үшін басқарушы ұйымға айыппұл салынуы мүмкін. Жаза көлемі заңбұзушылықтың сипаты мен ұйым санатына байланысты болады.

Жарық жиі өшкен жағдайда не істеу керек?

Сондай-ақ тұрғындар жарық жиі сөнетін болса немесе электрмен жабдықтау сапасы нормаларға сәйкес келмесе, электр энергиясының іркілістеріне де шағымдана алады.

Тексерісті мемлекеттік органдар да, электр энергиясын жеткізуші компаниялар да жүргізеді.

Көбіне не үшін айыппұл салынады?

Тұрғын үй инспекциясының мәліметінше, ең жиі кездесетін заңбұзушылықтар - үйдің банктік шоттарының болмауы және тұрғындардан есептілікті жасыру.

Ведомство шоттарды уақтылы ашпағаны және қаржылық есептерді ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Алматыда қайда шағымдануға болады?

Егер заңбұзушылықтар үйді күтіп-ұстаумен байланысты болса, Алматы тұрғындары Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасына жүгіне алады: Достық даңғылы, 85, 509-кабинет.

Мәселені егжей-тегжейлі сипаттап, фотосуреттерді немесе басқа да айғақтарды қоса беру маңызды.

Сондай-ақ шағымдарды мына мекемелер қабылдайды:

  • тұрғын үй инспекциясы;
  • аудандық әкімдіктер;
  • ПИК немесе МИБ;
  • e-Otinish жүйесі;
  • бірыңғай call-орталық.

Басқа қалалардың тұрғындары қайда жүгінуі керек?

ІІМ ел аумағында "Заң мен тәртіп" сервисі жұмыс істейтінін еске салды. Онда қоқысқа толған ауланың немесе бүлінген кіреберістің фотосуреттерін жүктеуге болады, жүйе өтінімді автоматты түрде ІІМ-ге немесе өңірдегі тұрғын үй инспекциясына жібереді. Ресми өтініштер үшін e-Otinish порталы да жұмыс істейді. Өтініштер Қазақстанның барлық өңірінде тәулік бойы қабылданады.

Tengrinews