Шұғыл қоңырау шалу үшін телефон сұрау немесе тегін әдемі суретке түсіру туралы ұсыныс алаяқтық схеманың бір бөлігі болуы мүмкін. Алдаудың жаңа әдістері туралы Қазақстан Ұлттық банкі ескертті. Tengri Life жаңа схемалар қалай жұмыс істейтіні және жинақтарыңызды қорғау үшін не нәрсеге назар аудару керектігін баяндайды.
Шұғыл қоңырау шалу үшін телефон сұрау немесе тегін әдемі суретке түсіру туралы ұсыныс алаяқтық схеманың бір бөлігі болуы мүмкін. Алдаудың жаңа әдістері туралы Қазақстан Ұлттық банкі ескертті. Tengri Life жаңа схемалар қалай жұмыс істейтіні және жинақтарыңызды қорғау үшін не нәрсеге назар аудару керектігін баяндайды.
Қауіпті қоңырау: неге телефонды бейтаныс адамдарға беруге болмайды?
Ең көп таралған схемалардың бірі адамның сенгіштігі мен көмектесуге деген ықыласына негізделген. Бейтаныс адам шұғыл қоңырау шалу сылтауымен телефон сұрайды, содан кейін санаулы минуттарда құрылғыға қол жеткізе алады. Көбінесе мұндай жағдайлар адамдар асығып жүретін және ықтимал қауіп-қатерді бағалай бермейтін әуежайларда, теміржол және автовокзалдарда болады.
"Осы сәтте қаскөйлер банк қосымшалары арқылы ақша аударып үлгеруі немесе құрылғыны қашықтан басқаруға арналған бағдарламаларды байқатпай орнатып жіберуі ықтимал", - деп ескертті Ұлттық банк өкілдері.
Егер гаджет жат қолға түссе, алаяқтар қашықтан басқаруға арналған қосымшаларды байқатпай орнатуға тырысады. Көбінесе олар мыналарды қолданады:
- HopToDesk;
- RustDesk;
- RuDesktop;
- AnyDesk;
- TeamViewer.
Осы қосымшалар арқылы алаяқтар сіздің гаджетіңізді қашықтан толық бақылауға алады. Олар SMS-кодтарды көреді, мобильді банкингке кіреді, мемлекеттік электронды қызметтерге қол жеткізеді және кейінгі айла-шарғылары үшін дербес деректерді ұрлайды.
"Күліңіз, сізді түсіріп жатыр"
Екінші схема барынша зиянсыз көрінеді: көшеде сізге өзін кәсібін жаңа бастаған фотограф немесе мобилограф ретінде таныстырған сыпайы жастар келуі мүмкін. Олар портфолиосын әдемі кадрлармен толықтыру үшін түсірілімге тегін қатысуды ұсынады.
Шын мәнінде, зиянсыз фотосессия түрінде сіздің биометриялық деректеріңізді жинау жүріп жатыр.
Ұлттық банк мәліметінше, "қолға түскен фото-видеоматериалдарды кейін жасанды интеллект көмегімен дипфейк жасау үшін қолдануы мүмкін". Бұдан бөлек, мұндай материалдар түрлі алаяқтық схемада, соның ішінде жақындардан ақша аударуды сұрайтын жалған хабарламаларды тарату үшін де пайдаланылады.
Негізгі қауіпсіздік ережелері
Ұлттық банк қазақстандықтардан базалық цифрлық гигиенаны сақтауды сұрайды. Ережелер өте қарапайым:
- Смартфонды қолыңыздан шығармаңыз. Ешқандай жағдайда мобильді құрылғыларды бейтаныс адамдарға бермеңіз. Егер адамға расында нөмір теру керек болса, гаджетті бермей, нөмірді өзіңіз теріп, дауыс зорайтқышты қосып бергеніңіз абзал.
- Құпияны сақтаңыз. Операцияларды растауға арналған SMS-кодтарды, банк картасының деректемелерін және басқа да жеке мәліметтерді ешқашан ешкімге айтпаңыз.
- Кім қоңырау шалып жатқанын ұмытпаңыз. Ұлттық банк ерекше ескертті: "Ұлттық банк қызметкерлері ешқашан аудио/видеоқоңырау шалмайды, жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді және ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейді". Кез келген мұндай қоңырау 100 пайыз алаяқтық.
Алаяқтардың құрығына түссеңіз, не істеу керек?
Егер сіз алаяқтардың әрекетіне тап болсаңыз немесе оларға артық ақпарат беріп қойғаныңызды түсінсеңіз, Ұлттық банк уақыт жоғалтпай, бірден құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгінуге кеңес береді.
Тағы оқыңыз: Қазақстандық есептегішті “тексеру“ үшін 4,5 миллион теңге берген