Meta жасанды интеллект негізіндегі жаңа Muse Image кескін генераторын таныстырды. Мәтіндік сұраныс бойынша сурет салумен қатар, сервис пайдаланушылардың наразылығын тудырған функциямен толықты: Instagram-дағы ашық аккаунт иелерінің суреттері алдын ала келісімсіз-ақ жаңа ЖИ-кескіндерді жасауға негіз болуы мүмкін. Tengri Life заңгермен сөйлесіп, бұл әрекеттің қаншалықты заңды екенін анықтады.
Muse Image қызметінің мүмкіндіктері
ixbt.com мәліметінше, бұрын компания ішінде Mango кодтық атауымен белгілі болған Muse Image қазірдің өзінде Meta AI қосымшасы арқылы тегін қолжетімді, сондай-ақ Instagram Stories пен WhatsApp-қа біріктірілген.
Сервистің мүмкіндіктері басқа заманауи ЖИ-генераторлардан айтарлықтай ерекшеленбейді. Пайдаланушылар мәтіндік сипаттама бойынша кескіндер жасай алады, суреттерді өңдей алады, дайын пресеттерді қолданып, әртүрлі көркемдік стильдермен тәжірибе жасай алады.
Бұдан бөлек, Muse Image жарнамалық кескіндер жасауға, мәтіндік сұраныстар арқылы суреттерді өзгертуге және түрлі идеяларды визуалдауға мүмкіндік береді. Мысалы, пайдаланушы ескі диван сатып алмас бұрын гаражда немесе бөлмеде қалай көрінетінін тексере алады. Алдағы уақытта Meta бұл функцияны Facebook Marketplace-пен интеграциялауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар компания Instagram Stories үшін Muse Image негізінде жұмыс істейтін жаңа ЖИ-эффектілерін іске қосып жатыр. Кескіндерді тегін жасау белгілі бір лимитке дейін қолжетімді болады, одан асқан жағдайда пайдаланушыларға жазылым рәсімдеу қажет болады. Сондай-ақ Meta қазірдің өзінде видео жасауға арналған Muse Video моделін әзірлеп жатыр, бірақ ол туралы толық мәлімет әлі жарияланған жоқ.
Жаңа функция неге дау тудырды
Ең көп талқыланған мәселе - Instagram-дағы ашық профильдердегі суреттерді пайдалану мүмкіндігі болды. Егер пайдаланушының аккаунты ашық болса, басқа адам сурет иесін белгілеп, оның фотосын жасанды интеллект көмегімен жаңа кескін жасау үшін қолдана алады. Бұл ретте фото иесіне ешқандай хабарлама келмейді және оның алдын ала келісімі талап етілмейді.
Meta саясатына сәйкес, пайдаланушылар басқа адамдардың жарияланымдарын қолдана отырып, компанияның ЖИ-функциялары арқылы контент жасай алады. Кескін иелері мұндай пайдалануға құпиялылық параметрлері арқылы тыйым сала алады, алайда ашық профильдер үшін бұл мүмкіндік әу баста қосылып тұрады.
Жаңа функцияның пайда болуы пайдаланушылардың суреттерін олардың алдын ала келісімінсіз қолданудың қаншалықты заңды екені туралы мәселені қайта көтерді.
Заңгер не дейді?
Мұндай механизм Қазақстан азаматтарының құқықтарын бұзуы мүмкін бе деген сұраққа жауап алу үшін біз жеке заңгерлік компанияның басшысы Кристина Гринбергпен сөйлестік.
Заңгердің айтуынша, кескіндерді жасау технологиясының өзі заңсыз емес, алайда өзге адамдардың суреттерін пайдалану мәселесі сұрақ тудырады.
"Бұл жерде қандай құқықтар туралы сөз болып жатқанына байланысты. Адамның өз бейнесіне деген құқығы, авторлық құқықтар және дербес деректер туралы айтуға болады. Бірақ біреудің кескінін пайдалану дерегінің өзі, тіпті жасанды интеллект көмегімен болса да, әрқашан автоматты түрде заңбұзушылық болып саналмайды", - деп түсіндірді ол.
Ол заңнаманың мұндай технологиялардың даму қарқынына әлі ілесе алмай жатқанын атап өтті.
"Қазір бізде заңнамада белгілі бір олқылықтар бар. Іс жүзінде, адам өз құқықтарын қорғап, шағым түсіргенге дейін көп нәрсеге рұқсат етілген болып шығады", - деп бөлісті заңгер.
Гринбергтің айтуынша, Еуропалық Одақ елдерінде мұндай жағдайлар әлдеқайда қатаң реттеледі.
"Егер сурет адамның кім екенін анықтауға мүмкіндік берсе, ол дербес дерек болып саналады. Тиісінше, мұндай кескінді өңдеудің заңды негіздері болуы тиіс", - деп қадап айтты ол.
Қазақстанда қандай нормалар қолданылады?
Заңгердің айтуынша, Қазақстан заңнамасында да адамның бейнесін және дербес деректерін қорғау қарастырылған, алайда бұл нормаларды жаңа технологияларға қолдану әлі де даулы мәселе болып қалып отыр.
"Адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалану, егер оның құқықтары бұзылса немесе зиян келтірілсе, азаматтық-құқықтық салдарға әкеп соғуы мүмкін. Бірақ көп нәрсе фотосуреттің қай жерде жарияланғанына, оны кімнің, қандай мақсатпен пайдаланғанына және моральдық шығын келтірілген-келтірілмегеніне байланысты болады", - деді маман.
Сарапшы Азаматтық кодекстің 145-бабында азаматтың өз бейнесіне құқығы бекітілгенін еске салды.
"Бапта кез келген тұлғаның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға ешкімнің құқығы жоқ екені тікелей көрсетілген. Бейнені пайдалануға, жариялауға және таратуға, заңнамада қарастырылған жағдайларды қоспағанда, тек бейнеленген тұлғаның келісімімен жол беріледі", - деп түсіндірді ол.
Заңгердің пікірінше, егер Meta AI пайдаланушысы басқа адамның фотосуретін алып, оның негізінде жаңа бейне жасаса, мұндай жағдай теориялық тұрғыда кескінді келісімсіз пайдалану ретінде қарастырылуы мүмкін.
"Мұндай даулар бойынша сот тәжірибесі әлі қалыптаса қойған жоқ, сондықтан заңбұзушылықты дәлелдеу оңай болмайды. Бірақ фотосуретті иесінің алдын ала келісімінсіз ЖИ-контент жасау үшін пайдалануға болатын тәсілдің өзі дербес деректерді қорғау және адамның бейнеге құқығы туралы түсінікке қайшы келуі мүмкін", - деді Гринберг.
Бұдан бөлек, заңгер "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңға назар аударды.
"Адамды сәйкестендіруге болатын сурет дербес деректерге жатады. Заңға сүйенсек, дербес деректерді жинау, өңдеу және таратуға, әдетте, субъектінің келісімімен жол беріледі. Сондықтан фотосуретті жасанды интеллект көмегімен жаңа кескін жасау үшін пайдалануды дербес деректерді өңдеу деп квалификациялауға болады", - деп бөлісті ол.
Өз құқығыңды қорғауға бола ма?
Кристина Гринбергтің айтуынша, бүгінде Қазақстанда цифрлық айғақтармен жұмыс істеудің жаңа құралдары біртіндеп пайда болып жатыр.
"Соттар электрон журналдар мен метадеректерді ұсыну туралы сұрауларды қабылдай бастады. Егер дау сотқа жетсе, мұндай мәліметтер кескіннің шығу тегін анықтауға және нақты фотосуреттің пайдаланылғанын растауға көмектеседі", - деді заңгер.
Сонымен қатар, заңнамада адамның кескінін пайдалануға келісімі талап етілмейтін жағдайлар қарастырылған, мысалы, көпшілік іс-шараларды түсіру немесе қоғамдық маңызы бар оқиғаларды жариялау кезінде. Дегенмен, сарапшының пікірінше, жасанды интеллект көмегімен жаңа кескін жасау мұндай ерекшеліктерге жатпайды.
Пікірлерді оқу"Егер мұндай функция Қазақстан азаматтарына қатысты қолданылса, ал дау қазақстандық заңнама бойынша қаралса, адамның өз кескінін пайдалануды тоқтатуды талап етуге негізі болуы мүмкін. Ал егер зиян келтірілгені дәлелденсе, залалды өтеу туралы мәселені де қоюға болады", - деп түйіндеді сарапшы.