Кейде дәрігерлер қойған диагноздан кейін көңіліміз түсіп, үмітіміз өшіп жатады, бірақ рухы мықты адамдар әрбір мүмкіндікті пайдаланып, арманына қол жеткізуге тырысады. Жақында Токиода өткен Паралимпиада ойындарына қатысқан 22 жастағы жүзгіш Нұрдәулет Жұмағали "қола" алды, ал оның алдында Берлинде алтын медаль алған еді. Tengrinews.kz тілшісі "Арамыздағы батырлар" жобасы аясында паралимпиадашы мен оның спорттағы жетістіктері туралы әңгімелейді.
Кейде дәрігерлер қойған диагноздан кейін көңіліміз түсіп, үмітіміз өшіп жатады, бірақ рухы мықты адамдар әрбір мүмкіндікті пайдаланып, арманына қол жеткізуге тырысады. Жақында Токиода өткен Паралимпиада ойындарына қатысқан 22 жастағы жүзгіш Нұрдәулет Жұмағали "қола" алды, ал оның алдында Берлинде алтын медаль алған еді. Tengrinews.kz тілшісі "Арамыздағы батырлар" жобасы аясында паралимпиадашы мен оның спорттағы жетістіктері туралы әңгімелейді.
Нұрдәулет Жұмағали ес білгелі спортта жүр. Спортпен достығы екінші сыныптан басталған. Тараздық жігіт 8 жасынан ерте тұрып, спортпен айналыса бастаған.
"Ешқандай үйірмеге барғаным жоқ. Өзім жүгіріп, белтемірде тартылатынмын. Көбіне салауатты өмір салтын ұстанатынмын. Үнемі үздік болуға тырысатынмын. Негізі бокспен айналысқым келген, бірақ денсаулық жағдайыма байланысты айналыса алмадым. Сосын футболға баратынмын, бірақ аяғымды сындырып алдым. Әкем бұл жарақат көп алатын спорт түрі екенін айтты. Сөйтіп, мені бассейнге алып келді", - дейді Нұрдәулет.
Осылайша Нұрдәулет 11 жасында жүзу спортымен танысыпты. Бірақ бастапқыда одан қатты үміт күтпеген. Тіпті бұл спорт түрінен жарыстар не үшін қажет екенін түсінбей жүрген.
"Алғашқыда еш ойланбастан жай жүзіп шыққанмын. Сосын келесі жарыстарда басқа балалар бірінші жүзіп келіп, қуанып жатты, олардың ата-анасының қуанышында да шек болмады. Сөйтіп жеңіске қол жеткізу керегін түсіндім", - дейді спортшы.
Нұрдәулет Жұмағали Токиодағы Паралимпиада ойындарында. Фото: ҚР Ұлттық Паралимпиада комитеті
Содан кейін Нұрдәулет тек жеңіске жету туралы ойлаған. Жарты жылдай облыстық жарыстарға шығып, сосын республикалық жарыстарда да бой көрсете бастайды. Жас спортшы жақсы нәтиже көрсетіп, тіпті 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинмен жарысқа бірге шыққан кездері болған. Бірақ жақсы нәтиже көрсетіп жүрген спортшы денсаулық жағдайына байланысты Олимпиада ойындарына шыға алмады.
"Менің көру қабілетім нашарлау. Ол тұқым қуалау арқылы келген. Анамның да кішкентай кезінде көру қабілеті нашарлау еді. Әр жарыс алдында медициналық тексерістен өтетінбіз, кейінгі үш жылда дәрігерлер көру қабілетімді түзеп, ол үшін бір шара қолдануым керегін айтты. Ал 2020 жылы көз дәрігеріміз ауысып кетті. Ол мен мұндай көру қабілетіммен тек Паралимпиада ойындарына қатыса алатынымды айтты. Шыны керек, қатты таңғалдым. "Мақұл" дедім де кеттім. Сосын жаттықтырушыммен сөйлестім. Біз ойлана келе мұндай мүмкіндік көп адамға берілмейтінін түсіндік және оны жіберіп алмау керек деп ойладық", - дейді спортшы.
Сөйтіп Нұрдәулет Жұмағали Паралимпиада ойындарына дайындала бастайды. 10 рет бассейнде жаттығып, тағы алты жаттығуды залда жасайтын. Одан бөлек, жаттығулар арасында жарыстар бар. 2021 жылдың сәуірінде спортшы АҚШ-тағы пара жүзуден Әлем кубогында алтын алып, шілдеде Берлинде тағы бір жеңіске жетті. Ал қыркүйекте көптен күткен Токио Олимпиадасы өтіп, Нұрдәулет қола медаль иеленді.
Нұрдәулет Жұмағали Токиодағы Паралимпиада ойындарында. Фото: ҚР Ұлттық Паралимпиада комитеті
"Олимпиада психологиялық тұрғыда қиын болды. Мен аурудан айыққаннан кейін бардым, біраз жаттығуды өткізіп алдым. Антибиотиктер мен вирусқа қарсы дәрілер іштім, ал ол спортшыға қатты әсер етеді, иммунитет әлсіреп кетеді. Бірақ мен оған мән бермеуге тырыстым. Жүзіп дайындалуға, қалпыма келуге 5-6 күндей уақытым болды, тамақ көп іштім. Себебі ауырған кезімде карантинде болдым, ол кезде ауруды қиын өткердім. Сол кезде аурудан айығамын деген мақсат қойдым. Сосын бірден жарысқа шығып кеттік", - дейді Нұрдәулет.
Бүгінде спортшы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Дене шынықтыру және спорт факультетінде оқиды, жүзумен айналысып, гитарада ойнайды, кітап оқып, тауға шығып тұрады және әлем шарлап, саяхаттауды армандайды.
"Спортшы үшін бастысы - жақындарының қолдауы. Егер қолдау болса, кез келген қиындықты еңсеруге болады. Тағы бір маңызды нәрсе - тәртіп, ол бар жерде нәтиже болады. Уақытында ұйықтап, тамақ ішіп, жаттығудан қалмау керек. Спортшыларға айтарым - ешқашан берілмеу керек. Сәтсіздіктер барлық адамда болып тұрады. Жеңіп те, жеңіліп те жатамыз, соның бәріне төзген кезде нәтиже болады. Көбірек еңбектену керек. Бір-бірімізді қолдау керек", - дейді спортшы.
"Арамыздағы батырлар" жобасын Tengrinews.kz "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірлесіп жүзеге асырады.
Жобаның мақсаты - біздің заманымыздың қарапайым кейіпкерлері туралы айту, олар өз әрекеттерімен өзгелердің өмірін сақтап, басқаларға қол ұшын созып жүрген, сондай-ақ қиындықтарға қарамастан спортта жетістіктерге жетіп жүрген азаматтар. Бұл кейде байқалмайтын, бірақ шын мәнінде жоғары адами ерліктер туралы оқиғалар.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!