Шайбалы хоккейден Павлодардың "Ертісі" ел чемпионатының финалында Көкшетаудың "Арланын" ұтып, екінші жыл қатарынан алтынмен апталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Финалдық дода төрт-ақ ойынмен шектелді. Төрт жеңіске дейін созылуы керек болған ақтық сында екпінді "Ертіс" азулы "Арланды" ес жиғызбай төрт рет тізерлетті. Әуелі өз айдынында өткен екі матчта 2:1 және 5:4 есептерімен, түзде 6:3 және 4:3 есептерімен басым түсті.
Сөйтіп, екінші жыл қатарынан ел чемпионы атанды. Естеріңізге сала кетейік, былтыр Павлодар клубы финалда "Бейбарыс" (Атырау) хоккейшілерін 4:1 есебімен сан соқтырып кеткен болатын.
Жалпы, "Ертіс" клубында ел чемпионатының барлық жүлделері бар. Соңғы екі маусымда жеңімпаз атанып, екі дүркін Қазақстан чемпионы атанса, 2011/2012 жылдар маусымында күміспен күптелген (Финалда "Бейбарысқа" 2:3 есебімен есе жіберіп алған болатын). Ал 2009/2010 жылдар маусымында қола жүлдеге қол жеткізген-ді.
"Арлан" да жыл өткен сайын жоғары өрлеп келеді. Былтыр үшінші орын үшін өткен сында Теміртаудың "Арыстанын" 3:1 есебімен ұтып, қола жүлдегер атанса, биыл алғаш рет финалға шығып, күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ 2012 және 2013 жылдары Қазақстан кубогын жеңіп алған. Осы бетінен таймаса, чемпион да атанар.
Қазақстан чемпионаты. Плей-офф ойындары
Финал (төрт жеңіске дейін).
/1/ Ертiс – /2/ Арлан – 4:0 (2:1, 5:4, 6:3, 4:3)
Үшінші орын үшін. (үш жеңіске дейін).
/3/ Бейбарыс – /4/ Арыстан – 2:3 (4:1, 2:3 ОТ, 4:0, 1:3, 4:5 ОТ)
Жартылай финал.
/1/ Ертiс – /4/ Арыстан – 4:1 (3:2 ОТ, 4:0, 4:3, 2:3, 4:1)
/2/ Арлан – /3/ Бейбарыс – 4:1 (4:2, 3:1, 1:4, 1:0, 4:3)
Ширек финал.
/1/ Ертiс – /8/ Астана – 4:0 (5:4 ОТ, 3:0, 5:3, 6:0)
/2/ Арлан – /7/ Горняк – 4:1 (4:0, 2:1, 1:3, 3:1, 8:2)
/3/ Бейбарыс – /6/ Бүркіт – 4:1 (5:3, 1:0 ОТ, 1:4, 5:3, 4:1)
/4/ Арыстан – /5/ Номад – 4:2 (5:2, 5:3, 2:1, 0:2, 3:4 ОТ, 4:2)