Шайбалы хоккейден Минскіде өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы екінші ойынын өткізіп, тағы да жеңілістің кермек дәмін татты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Шайбалы хоккейден Минскіде өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы екінші ойынын өткізіп, тағы да жеңілістің кермек дәмін татты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұл ойында да есепті алғашқы матчтағыдай Андрей Гаврилин ашқан еді. Өкінішке қарай, бұл гол да осы ойындағы біздің құрама соққан жалқы гол болып шықты.
Өз жанкүйерлері алдында ұтылғылары келмеген айдын иелері қарқындарын үдетіп, төрт гол соқты. Біздің хоккейшілерге қарағанда шапшаң қимылдап, жылдамдықтары жоғары болды. Ал Қазақстан құрамасы сылбыр ойындарынан әлі арыла алар емес...
Тіпті алты рет артық құрамда ойнаса да, бірде-бір гол соға алмай, діңкелері құрыды. Беларусь қақпасына соншалықты көп соққы бағыттаған да жоқ. Үш кезеңде 20 рет қана Коваль қорғаған қақпаны нысанаға алды. Бұл шайбалы хоккей үшін аз болмаса, көп емес. Әрі бірнеше тамаша мүмкіндіктерді мүлт жіберіп алып, пұшайман болды.
Екінші матчта да қақпаны Виталий Еремеев қорғады. Әу баста айдын иелерінің небір қауіпті соққыларын тойтарып, небір қатерлі шабуылдарына тосқауыл бола білген ардагер қақпашымыз артынан шаршады ма, үш гол жіберіп алды.
Енді жағдай қиын. Ендігі қарсыластарымыз – азулы құрамалар. Бір-екі жеңіс болмаса, тағы да жоғары дивизиондағы орнымыздан айырыламыз. Қазақстан ұлттық құрамасы келесі ойынын ертең Латвия хоккейшілерімен өткізеді.
Қазақстан – Германия – 1:2 Б (1:1, 0:0, 0:0, 0:0, 0:1)
Қазақстан – Беларусь – 1:4 (1:0, 0:2, 0:2)