Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары хоккей лигасының биылғы чемпионатында жеңімпаз атанып, "Братина" кубогын ұтып алған қарағандылық "Сарыарқа" хоккей клубына құттықтау жолдады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары хоккей лигасының биылғы чемпионатында жеңімпаз атанып, "Братина" кубогын ұтып алған қарағандылық "Сарыарқа" хоккей клубына құттықтау жолдады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Қарағанды клубының басшылығын, жаттықтырушылар штабы мен ойыншыларын зор жетістіктерімен құттықтап, бүкіл турнир бойындағы олардың жеңіске деген ұмтылысын және отандық спортты дамытуға қосқан үлестерін ерекше атап өтті. Н.Назарбаев клуб ұжымына зор денсаулық, жаңа табыстар мен жарқын жеңістер тіледі.
Айта кетейік, кеше Қарағанды қаласында өткен финалдық ойындардың бірінде "Сарыарқа" хоккей клубы "Рубин" (Ресей, Түмен облысы) командасымен алтыншы рет кездесіп, жалпы 4:2 есебімен (плей-оффтың ережесі бойынша қарсылас команданы төрт рет жеңу керек - авт.) жеңіске жетті. Ойынның өзі 2:1 есебімен аяқталды. Негізі, өткен чемпионатта да "Сарыарқа" финалға жеткен еді. Алайда Башқұртстанның "Торос" командасына жол беріп қойды. Биыл болса, командалар жартылай финалда кездесті. Сол кезде "Сарыарқаның" хоккейшілері "Торосты" төрт рет қатарынан (жалпы есеп - 4:0) жеңіп, есесін қайтарған. Сөйтіп, былтыр да, биыл да лиганың біраз рекордтарын жаңартқан қарағандылық клуб чемпионаттың тағы бір "дәстүріне" жаңалық енгізді. Бұған дейін бірде-бір команда "Братина" кубогын өз алаңында ұтпаған. "Сарыарқа" болса, кеше барша жанкүйерлерін қуантып, лиганың бас жүлдесін өз жерінде жеңіп алды.