Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының кейбір ойыншылары әлем чемпионаты қарсаңындағы алғашқы оқу-жаттығу жиынына кешігіп келетін болыпты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының кейбір ойыншылары әлем чемпионаты қарсаңындағы алғашқы оқу-жаттығу жиынына кешігіп келетін болыпты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бүгін ҚР шайбалы хоккей федерациясының ресми сайты ұлттық құраманың кеңейтілген тізіміндегі кейбір ойыншыларымыздың алғашқы оқу-жаттығу жиынын кешігіп келетіндігін жариялады.
Негізі, Мичурино ауылындағы базада өтетін жаттығу жиыны 14-26 сәуір аралығында өтеді. Осы жиынға кейбір ойыншыларымыз әр түрлі себептермен кешігіп келетін болыпты. Атап айтқанда, Юрий Сергиенко 16 сәуірде келетін болса, Николай Антропов 20 сәуірде келіп қосылмақ. Ал Семен Кошелев 21 сәуірде, Кевин Даллмэн 22 сәуірде ұлттық құрама сапына қосылады.
Виталий Колесник ("Локомотив", Ярославль) және Александр Липин ("Ертіс", Павлодар) өз клубтары плей-оффтағы ойындарын аяқтаған соң ғана құрама сапына келеді. Өкінішке қарай, Алексей Кузнецов пен Александр Шин мүлде келе алмайтын болыпты. Екеуі де маусым барысында алған жарақаттарынан айығу үстінде көрінеді.
Естеріңізге сала кетейік, біздің құрама алғашқы оқу-жаттығу жиынында әлем чемпионатына баратын құрамын екшейді. Қазір кеңейтілген тізімде 40-қа тарта хоккейші бар.
Сәуірдің аяғында жаттығу жиынын Италия мен Францияда жалғастырып, осы екі елдің ұлттық құрамаларымен екі жолдастық кездесу өткізеді. Ал Минскіге 7 мамырда ұшып барып, әлем чемпионатының жоғары дивизионында бақ сынайды.