Алматыда көпқабатты үйлерде тек берешегі барлардың жарығы өшіріледі: жаңа ережелер

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматыда көпқабатты үйлерде тек берешегі барлардың жарығы өшіріледі: жаңа ережелер Фото:depositphotos.com

Енді бүкіл үйдің емес, тек қарызы бар тұрғындардың электр жарығын өшіру жоспарланған. Ол үшін "Алатау жарық компаниясы" берешек мәселесін реттеудің арнайы механизмін пайдалануды ұсынады. TengriHome бұл талап кімдерге қатысты екенін және қалай жұмыс істейтінін баяндайды.

Біреудің қарызы үшін бүкіл үйдегі жарықты өшіру

Жақында әлеуметтік желілерде алматылықтар тұрғын үйлері электр қуатынан ажыратылып жатқанына шағымданған болатын. Мәліметтерге қарағанда, ТҮК-тің миллиондаған қарызы жиналып қалған. Тұрғындар "Неге ақысын төлемегендер емес, барлық меншік иесі жарықсыз отыруы керек?" деп наразылық білдірді.

Сол кезде "Алатау жарық компаниясы" АҚ жекелеген пәтерлерді тоқтан ажыратуға мүмкіндік жоқ екенін түсіндірді.

"Жекелеген пәтерлер мен тұрғын емес жайларға электр энергиясын беруді шектеу мүмкін емес, өйткені электрмен жабдықтау шарты нысан үшін біртұтас электр энергиясын тұтынушы ретінде әрекет ететін басқарушы ұйыммен (МҮБ, ПИК немесе басқарушы компания) жасалған. Үй ішіндегі электр желілері мен есепке алу аспаптары басқарушы ұйымның теңгерімінде және пайдалану жауапкершілігі аймағында орналасқан, соған байланысты "Алатау жарық компаниясы" АҚ - "Энергосбыт" филиалының тұрғын үй кешені ішіндегі жекелеген тұтынушыларды іріктеп шектеуге техникалық мүмкіндігі мен заңды негіздері жоқ", - деп нақтылады компания өкілдері.

Электр жарығы үшін қарыз: Алматыда төлем жасамайтындар қалай жазаланады?

Енді компания жарықты жеткізуші алдында қарызы барларға ғана шектеуге мүмкіндік беретін механизмді қолдануды ұсынып отыр. Ол үлгілік шартқа қосымша келісімдер жасасуды көздейді. Құжатта электр желілерін беру мерзімі бекітіледі.

"Қосымша келісім жасасу тұрмыстық тұтынушылар үшін жеке дербес шоттар ашуға, тұтынылған электр энергиясы үшін тікелей есеп айырысуды ұйымдастыруға және берешек болған жағдайда, көппәтерлі үйдің басқа тұрғындарына әсер етпей, электрмен жабдықтауды тек борышкерлерге қатысты атаулы түрде шектеуге мүмкіндік береді", - деп түсіндірді компаниядағылар.

Сондай-ақ "Алатау жарық компаниясы" бұл алгоритмді бір жағдайда қолдану мүмкін емес екенін атап өтті: егер төлем подъездерді, аулаларды жарықтандыру, лифт жұмысы сияқты жалпы үйге ортақ жүйелердің жұмыс істеуіне қажетті электр энергиясына қатысты болса. Ондай кезде жарық коммерциялық есепке алудың басты аспабынан өшіріледі. Бұл жағдайда нүктелі, яғни атаулы түрде өшіру техникалық тұрғыдан мүмкін емес.

"Үйдің теңгерім ұстаушылары мен қызмет көрсететін ұйымдар ішкі электр желілерінің дұрыс жұмыс істеуіне, есептегіш көрсеткіштерін уақытында тапсыруға, жалпы үй және жеке есептегіштердің көрсеткіштері арасындағы айырманы өтеуге, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын орындарда жұмсалған электр энергиясының ақысын төлеуге бұрынғыдай жауапты болады", – деп хабарлады компания.

Сондай-ақ МҮБ, ПИК және басқарушы компаниялар қажетті шарттарды уақтылы ресімдеуі тиіс екені ескертілді.

Join Telegram