Астанада магистральді көшелерге қараған үйлердің қасбетіне ашық кондиционерлер орнатуға тыйым салынады. Тым болмаса микроклимат жүйесіне арналған арнайы себет болуы тиіс. Бұдан бөлек, мұндай ғимараттар қасбетін жаңарту кезінде балкон мен лоджиялар бірыңғай стильде әйнектеледі. Осы және өзге де талаптар елорданың жарияланған дизайн-кодында көрсетілген.
Астана әкімдігі сайтында елорданың дизайн-кодын бекіту туралы қаулы жобасы жарияланды. Ол 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген "Астананың мәртебесі туралы" Конституциялық заң негізінде әзірленді. ТengriНome тұрғын үйлерге қандай талаптар қойылатыны туралы баяндайды.
Дизайн-код деген не?
Дизайн-код - елорданың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру жөніндегі ережелер жиынтығы. Ол жарнамалық құрылымдар мен сауда нысандарын орналастырудан бастап, жарықтандыру нормалары мен қасбеттерді жөндеуге дейінгі талаптарды қамтиды. Демек, маңдайшаларды орналастыру, тіпті үйлерге кондиционер орнату кезінде дизайн-код талаптарына қайшы келмеуі керек.
"Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне сәйкес, сәулет келбетін өз бетінше өзгерту, дизайн-кодты сақтамау Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген нормалар мен талаптардың (шарттардың, ережелердің, шектеулердің) бұзылуына жатады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады", - делінген жобада.
Дизайн-код ел астанасының сәулеттік келбеті бірыңғай әрі үйлесімді болуы үшін қабылданады. Айта кетейік, ол бұған дейін де енгізілген болатын, алайда жаңа Конституция мен елорда мәртебесі туралы заңның қабылдануына байланысты ережелер жаңартылды.
Дизайн-код бойынша қандай ғимараттарға жоғары талаптар қойылады?
Дизайн-код Астананы аймақтарға бөлу және нысандарды жіктеу жүйесін белгілейді. Орналасқан жеріне байланысты ғимараттар төрт санатқа бөлінді:
- "А" санаты немесе негізгі нысандар: әкімшілік ғимараттар, мәдениет, денсаулық сақтау және білім беру нысандары, сондай-ақ қалалық маңызы бар магистральді көшелердің бірінші желісіне шығатын ғимараттар. Оларға архитектуралық талаптардың жоғары деңгейі қолданылады.
- "Б" санаты немесе негізгі құрылыстар: көппәтерлі тұрғын үй кешендері, сауда және кеңсе орталықтары, қонақ үйлер. Мұндай нысандарға архитектуралық талаптардың жоғары деңгейі қолданылады.
- "В" санаты немесе фондық құрылыстар: аз қабатты тұрғын үйлер, тұрмыстық қызмет көрсету нысандары, өнеркәсіптік және өндірістік ғимараттар. Мұнда архитектуралық талаптардың базалық деңгейі қолданылады.
- "Г" санаты немесе уақытша және техникалық құрылыстар: сауда павильондары, стационарлық емес сауда нысандары, техникалық құрылыстар. Олар үшін архитектуралық талаптардың арнайы деңгейі қарастырылған.

Астананы аймақтарға бөлу картасы. Астана әкімінің елорда дизайн-кодын бекіту туралы қаулысына қосымша
Дизайн-код бойынша ғимараттар қасбеті қандай болады?
"А" және "Б" санаттарына жататын ғимараттардың қасбеті (әкімшілік ғимараттар, мәдениет, денсаулық сақтау және білім беру нысандары, көппәтерлі тұрғын үй кешендері, сауда және кеңсе орталықтары, қонақ үйлер, сондай-ақ магистральді көшелердің бірінші желісіне шығатын ғимараттар) келесі талаптарға сай болуы тиіс:
- Қасбет ғимаратты көрнекі түрде іргетас, негізгі және аяқтаушы бөліктерге (ернеу, парапет, аттик) бөлуі керек. Іргетас бөлігін қаптау үшін климаттық әсерге төзімді және эстетикалық түрін сақтайтын материалдарды пайдалануға жол беріледі.
- Магистральді және қосалқы көшелерге қараған, ұзындығы 40 метрден асатын тұтас (саңылаусыз) қасбет жазықтықтарын жобалауға тыйым салынады. Сәулеттік екпін беруге (пилястралар, эркерлер, қасбет жазықтығы тереңдігінің ырғақты өзгеруі, мультиформатты витражды әйнектеу) рұқсат етіледі.
Бұл ғимараттардың алдыңғы қасбетінде қалалық ортаның көрнекі сипаттамаларын нашарлататын материалдарды пайдалануға тыйым салынады. Атап айтқанда:
- профильді металл табақтар;
- сылақ;
- асбестоцементті табақтар;
- ПВХ-сайдинг;
- ашық тәсілмен бекітілетін сэндвич-панельдер;
- HPL-панельдер;
- баннер матасы;
- пластиктен жасалған тас, кірпіш немесе ағаш бейнесіндегі сәндік қасбет панельдер;
- орама және пленкалы әрлеу материалдары;
- жобада қарастырылған қасбет жабыны жоқ боялмаған бетон блоктар, шлакблоктар, газоблоктар және өзге де қабырға материалдары;
- уақытша құрылыстарға, қойма, өндірістік және қосалқы нысандарға арналған, қасбеттің қажетті архитектуралық мәнерлілігі мен беріктігін қамтамасыз етпейтін материалдар.
Қаптау материалдарының құрылымы жағынан өзара үйлесетін негізгі үш түрінен артық пайдалануға рұқсат етілмейді.

Дизайн-код бойынша ғимарат қасбеті. Астана әкімінің елорда дизайн-кодын бекіту туралы қаулысына қосымша
Түс мәселесіне келсек, мынадай палитраны пайдалануға рұқсат беріледі:
- базалық (негізгі) түс: ашық, бейтарап немесе сабырлы реңктер - шыныланған бөлікті есепке алмағанда, қасбеттің жалпы ауданының кемінде 60 пайызы;
- сәулеттік элементтерді айқындауға арналған қосымша түс - қасбеттің жалпы ауданының 30 пайызынан аспауы тиіс;
- кіреберістерді, қуыстарды, сәндік бөлшектерді ерекшелеуге арналған екпінді түс - қасбеттің жалпы ауданының 10 пайызынан аспауы тиіс.
Қасбетті реконструкциялау кезінде мыналар бірыңғай стильде орындалуы тиіс:
- ғимараттың шынылану контуры;
- терезе профильдерінің түсі;
- терезе жақтауларының суреті;
- терезе блоктарының конфигурациясы;
- балкон мен лоджияларды шынылау түрі;
- терезе ойықтарын сәулеттік безендіру принциптері.

Дизайн-код бойынша ғимарат қасбеті. Астана әкімінің елорда дизайн-кодын бекіту туралы қаулысына қосымша
Инженерлік жабдықтар сәулеттік келбетке ықпалдастырылуы тиіс.
"Кондиционерлердің сыртқы блоктары, желдету жабдықтары және өзге де инженерлік құрылғылар аула қасбеттерінде, шатырда, техникалық қуыстарда, сәндік себеттерде немесе экрандарда орналастырылады. Кондиционерлерді магистральді көшелерге, алаңдарға, қоғамдық кеңістіктерге және негізгі жаяу жүргіншілер жолдарына қараған қасбетке ашық орналастыруға жол берілмейді", - делінген құжатта.
Сонымен қатар кондиционерлерден шығатын конденсатты жаяу жүргіншілер жолына, қасбеттің сәулеттік бөлшектеріне және кіреберіске ағызуға тыйым салынады.
Қаланың тарихи қалыптасқан бөлігіндегі ғимараттар қасбетін реновациялау, реконструкциялау және күрделі жөндеу кезінде алдыңғы жағын қаптау табиғи тас қолдану арқылы орындалуы тиіс. Тым болмаса, тас негізіндегі материалдар пайдаланылуы керек.
"Қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру мақсатында, еңіс шатырлы ғимараттарды реконструкциялау кезінде табиғи кірпіш, терракота немесе қара-қызыл керамикалық жабынқыш түсіне сәйкес келетін бордо реңктеріндегі бірыңғай түс гаммасын қолдану ұсынылады. Шатырға айналадағы құрылысқа тән емес ашық, қанық және қарама-қайшы түстерді қолдануға болмайды", - деп көрсетті дизайн-код авторлары.
Сымдарды қасбеттің алдыңғы жағындағы қаптаманың үстінен тартуға рұқсат етілмейді.
Ғимараттарды жарықтандыруға келсек, магистральді көшелерге шығатын үйлердің қасбетін жарықтандыру міндетті болады. Орам ішінде бірінші (коммерциялық) қабаттар мен кіреберісті жарықтандыруға болады. Түн ортасынан кейін жарық деңгейі төмендетілуі тиіс, ал түнгі сағат бірде (кезекші жарықтан бөлек) толық өшірілуі керек.
Аулаларда не өзгереді?
Балалар алаңқайлары жас ерекшеліктеріне қарай (кіші жастағы балалар, мектеп жасына дейінгі балалар, мектеп оқушылары мен жасөспірімдер) бөлініп, ең бастысы, қауіпсіз болуы керек.
"Ойын жабдықтары физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, бірақ балалардың дамуына қажетті негізді (бақыланатын) тәуекел мүмкіндіктерін сақтай отырып жобаланады. Өткір бұрыштары, шығып тұрған болтты қосылыстары және өңделмеген жиектері бар элементтерді пайдалануға жол берілмейді", - деп жазды әзірлеушілер.
Міндетті шарт - күн мен желден қорғану үшін көлеңкелі қалқалар, перголалар орнату және ағаш отырғызу. Демалыс аймақтарында автокөлікпен жүруге және тұраққа қоюға тыйым салынады.
Көгалдандыруға қойылатын талаптар да қарастырылған: әрбір тұрғын үйдің терезесінен кемінде үш ағаш көрініп тұруы тиіс. Тұрғын үй кешендерінде аумақтың кемінде 30 пайызын көгалдандыруға бөлу жоспарланған. Тұрақ аумақтарында әрбір бес көлік орнына тірі қоршау қолданып, бір ағаштан отырғызу міндетті.
Айта кету керек, бұл дизайн-код әзірге бекітілген жоқ. Ол бекітілген соң, ережелер үлкен ықтималдықпен жаңа нысандарға, сондай-ақ "А", "Б" және "Г" санаттарына жатқызылған ғимараттарға қатысты болады.
Тағы оқыңыз:
Астанада дизайн-код бойынша 20 үй жөнделеді: мекенжайлар тізімі
“Кірпіштері жарылып, үйдің іргесінен ажырап жатыр“. Үйдің қасбетін кім жөндеуі керек?