10 жастағы Махаббатқа үш бөлмелі пәтер сыйлаған бизнесмен: Көз жасымды әрең тыйдым

30 Сәуір 2017, 10:53
1
10 жастағы Махаббатқа үш бөлмелі пәтер сыйлаған бизнесмен: Көз жасымды әрең тыйдым - © facebook.com/KudaibergenKairat
© facebook.com/KudaibergenKairat

Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккен 10 жасар Махаббаттың отбасына үш бөлмелі пәтер сыйлаған алматылық кәсіпкер Қайрат Құдайберген қазақстандық бизнесмендер мен меценаттарды асарға шақырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Бұл туралы ол Facebook желісінде жазды. "Көп нәрсе айтқым келді, бірақ көңіл-күйді сөзбен жеткізу қиын. Махаббаттың отбасына пәтер сатып алуға толықтай көмектескен ағама, қыздың отбасын жедел іздестіруге көмектескен баршаңызға, пәтер тауып, сатып алуға көмектескен ақтөбелік кәсіпкер Жаннаға алғыс айтамын. Жаннаның арқасында жаңа тұрғын үй кешенінде өте жақсы үш бөлмелі үй таңдадық. Пәтер оларға қатты ұнады", - дейді ол. 

Айтуынша, Махаббаттың анасы жан-дүниесіндегі уайым жайлы айта бастағанда, оның көңілі босапты. "Көз жасымды әрең тыйдым... Өкінішке қарай, апат айтып келмейді, аяушылық сезім ғана адамды мақұлықтан ерекше етеді. Жүрегіміздегі қайырымдылық қана адамгершілігіміздің көрсеткіші. Табиғи апатты болжап білу қиын, сондықтан мұндай жағдай сіздің басыңыздан өтпейді деп ойламаңыз", - деген қайырымды кәсіпкер тағы 74 отбасының баспанасыз өмір сүріп жатқанын еске салды. 

"Ақтөбе әкімі оларға көмектесуге уәде беріп, өз сөзінде тұратынын айтты, бірақ бюджеттегі қаражаттың жетпесі анық. Мен бизнесмендерімізді, меценаттарымызды және бей-жай қарай алмайтын азаматтарымызды мүмкіндігі болса Ақтөбе қаласында су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесуге шақырамын", - деп жазды Қайрат Құдайберген. 

Айта кетейік, осыған дейін Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккен 10 жастағы қыз билікке үндеу айтқан болатын. Ешімовтер отбасы су тасқынынан баспанасынан айырылған еді. Шешесі Тұрғангүл Ешімованың айтуынша, күйеуінің жүрегі әлсіз және ол үйінің қирап қалғанын әлі көрмепті. Басылымның мәліметінше, әйелдің кенже қызы Махаббат № 36 мектебінің төртінші сынып оқушысы екен. Ол мектеп формасынан, оқулықтарынан да айырылып, табиғи апаттан есеңгіреп қалған. 

Кейін алматылық кәсіпкер Қайрат Құдайберген аты-жөнін атағысы келмеген бизнесменмен бірге су тасқынынан зардап шеккен ақтөбелік 10 жастағы қызға баспана сыйламақшы болған. Алайда осы баспананы салуда олар қиындықтарға тап болды. Сыйланатын үй тұрған аудан да суға кетуі мүмкін деп танылды. Енді бизнесмендер бұл отбасыға көппәтерлі үйден баспана сыйлап отыр.

Сол кезде Махаббат бизнесменге алғыс айтқан еді. "Мен Қайрат Құдайберген ағама өте көп алғысымды айтамын. Ағамның ағасына да рақметімді айтамын. Себебі бұл үйге екінің бірінің қолы жетпейді. Бұл үй үлкен және кең! Армандаған да жоқпыз! Бұдан да кіші үй болатын шығар деп ойлап едік. Бірақ үлкен және кең болып шықты. Аспаныңыз ашық болсын! Нұр үстіне нұр жаусын! Отбасыңызбен бірге бақытты болыңыз! Ешқашан қартаймаңыз!", - деп алғысын білдірген еді қыз.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (1)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай