Қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен іздеуде жүрген адам Грузиядан экстрадицияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының және ІІМ Интерполдың Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен Қазақстан азаматын экстрадициялады. Ол экономикалық қызмет саласында бірқатар қасақана ауыр қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында елге жеткізілген.
Тергеу барысында күдіктінің ұйымдасқан топ құрамында бола отырып, 2019–2021 жылдар аралығында Қазақстанның әртүрлі өңірінде қаржы пирамидасының құрылымдарын басқарғаны анықталды.
"Қылмыстық топ мүшелерінің заңсыз әрекеттері нәтижесінде азаматтарға жоғары табыс табуға уәде беру арқылы 10 миллирад теңгеден аса қаражат тартылған", - делінген хабарламада.
Сыбайлас қатысушылардың бірқатары бұрын бас бостандығынан айыру жазасына сотталған, алаталған күдікті қылмыс жасағаннан кейін бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған.
"2026 жылғы ақпанда ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды".
Оған тағылған қылмыстар үшін мүлкі тәркілене отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!