ҚМА Қостанай облысы бойынша департаменті Прокуратураның үйлестіруімен әлеуметтік желілер арқылы есірткі таратумен айналысқан арнаны анықтап, оның қызметін тоқтатты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Күдіктілер 2024 жылдың мамырынан бастап "Thс Seller" атауымен Telegram-арнасында интернет-дүкен ұйымдастырып, есірткі заттарын сатқан. Төлемдер қолма-қол ақша және криптовалюта арқылы қабылданған.
"Тінту барысында 30 келіден астам марихуана мен гашиш, ұялы телефондар және 5 банк картасы тәркіленді. Анықталғандай, интернет-дүкеннің 2 мыңнан астам тұтынушысы болған және 100 миллион теңгеден астам сомаға 5 мыңнан астам есірткі саудасы жүргізілген", - делінген хабарламада.
Қылмыстық жолмен келген табысты жасыру мақсатында күдіктілер Telegram мессенджері арқылы дроптарды – яғни жалған тұлғаларды – тартқан. Бұл тұлғалар атына банк карталары рәсімделіп, сол карталар арқылы ірі көлемдегі ақшалай қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.
"Есірткі тасымалы үшін күдіктілер қылмыстық табыстың есебінен 2 автокөлік пен мотоцикл сатып алып, оларды сенімді адамдардың атына тіркеген. Сот санкциясымен бұл көлік құралдарына тыйым салынды", - делінген хабарламада.
Күдіктілер екі ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!