7 қарашада 13 адамның өмірін қиған алматылық хостелдегі өрт бойынша апелляциялық тыңдау аяқталды. Судьялар алқасы айыпталушылардың үкімін күшінде қалдырды, бірақ өрт дабылын орнатушыны жәбірленушілерге өтемақы төлеу міндетінен босатты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оқиға қалай болған?
Almaty Hostel-де өрт 2023 жылдың 30 қарашасында болған. Қайғылы оқиға салдарынан 13 адам қаза тапты, оның төртеуі шетелдік азамат.
Бұл іс бойынша айыпталушылар – хостелдің иесі Әділбек Мұхамедияров және өрт дабылын орнатуға жауапты жеке кәсіпкерлік иесі Александр Пекельник. Мұхамедияров ҚР ҚК-ның 292-бабы 3-бөлігі бойынша, ал Пекельник – ҚР ҚК-ның 306-бабы бойынша айыпталған.
Алмалы аудандық соты Әділбек Мұхамедияров пен Александр Пекельникті кінәлі деп таныды. Мұхамедияров ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Пекельникке дәл сондай режимде 4 жыл жаза тағайындалды. Екеуі де сот залында қамауға алынды.
Апелляциялық сот шешімі
7 қарашада Алматы сотының апелляциялық алқасы үкімге тек бір өзгеріс енгізді. Пекельниктен екі жәбірленушіге моральдық зиян ретінде әрқайсына 7 миллион теңгеден өндіру туралы тармақтың күші жойылды.
Бірақ Мұхамедияров пен Пекельниктің бас бостандығынан айыру мерзімдері сол күйі қалдырылды.
Сот алқасы олардың кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары, сараптама қорытындылары және іс материалдарының жиынтығымен толық дәлелденгенін мәлімдеді. Екеуі де жазасын ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!