Көлігіңізді автотұраққа бес минутқа қаңтарсаңыз да, 300 теңге төлейсіз. Бұл - қаламыздың ірі темір жол вокзалы клиенттерінің төлейтін бағасы, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Көлігіңізді автотұраққа бес минутқа қаңтарсаңыз да, 300 теңге төлейсіз. Бұл - қаламыздың ірі темір жол вокзалы клиенттерінің төлейтін бағасы, - деп хабарлайды Almaty.tv.
"Әуежайдың өзінде алғашқы 15 минуты тегін ғой" деп налыған жүргізушілер ең болмағанда осындай жеңілдік болса дейді. Себебі шығарып салушылар үшін орын қарастырылмаған. Кесірінен сәл тоқтасаң кептеліс туғызып, өзгеге зиян тигізесің. Расымен де, маңызды нысан маңындағы жағдай осындай ма? Автотұрақтар кімдерге тиесілі?
Телеарна тілшілері осы ақпараттың рас-өтірігін білмекке көлікпен автотұраққа кіріп, араға алты минут салып қайта шыққан:
- Бес-ақ минут болды тұрғаныма. 400 теңге?
- Аэропортта мысалы кіресің 15 минуттың ішінде шығып кетсең төлемейсің. Мына жерде неге олай?
- Ол жер коммуналдық ғой. Ал мына жер жекеменшік.
- Кімдікі сонда?
- Қазекеңдікі ғой. Ербоздақ деген кісі, Қызылорданікі.
Автотұрақ әкімшілігіне хабарласқанымызда, аталған жерді он жыл бұрын сатып алғанын жеткізді. Айтуынша, халық қызмет көрсету мақсатында алған жердің құжаттары заңды, салығын уақытылы төлеп, бағаны да өзіміз қоямыз дегенді алға тартты.
"Біздің жекеменшік жеріміз болғаннан кейін өзіміз бұйрық шығарып тіркейміз. Мемлекеттік акт, әкімнің қаулысы бізде бар", - деді автотұрақ қызметкері Айдос Ағаділов.
Мәселені білмекке вокзал әкімшілігіне бас сұқтық. Алайда басшылар орнында болмай шықты. Тұрғындар болса, маңызды нысан маңындағы жердің жекеге өтіп кеткенін түсінбей дал. Көпшілік қолдануы тиіс жерді жауаптылардың ең болмағанда жарты сағатқа тегін жасауына болар еді дейді.
Осыған наразы болған тұрғындар былай дейді: "Халық қолдану керек. Неке жекелеген адамдар қолданады? Мен соған таң қаламын. Негізі үкімет қарастырып халыққа бірдемені қарастыру керек".
"Вокзал өзі халықтың қолданатын жері ғой. Соны неге біреу жекеменшік етіп алып, біреудің қалтасына кетіп жатыр. Мысалы, мен зейнеткермін. Пойыз кешігіп жатыр күтіп отырмыз. 300 теңгені кімге, не үшін беруіміз керек?".
"Паркинг жасау керек еді. Жерасты, жерүсті болса да. Тым құрмағанда жарты сағатқа машинаны қойып кете алатындай болса. Тегін. Орын болмағаннан кейін не істейсің, төлеп кетесің".
"Енді бұл тұрақтарды жөнге, ретке келтіретін органдар бар шығар жоғарыда. Енді соларға қарау керек қой".
Түрксіб ауданының шенділері болса, жер жекенің меншігі болғандықтан, іске араласа алмайтындығын кесіп айтты. Тек тұрғындардан жазбаша талап-арыз түссе ғана авто тұрақ иесімен сөйлесіп, алғашқы минуттарын тегін ету мәселесін көтеруге ғана құзырымыз бар дейді.
"Жер жекеменшікте болғандықтан, мемлекеттік органдар кәсіпкерлік заңның 12-бабына сәйкес олардың қызметіне біз тікелей араласа алмаймыз. Бүгінге дейін аудан әкімінің аппаратына тегін болсын деген сияқты арыз-шағым талаптар келіп түскен емес. Арыз-шағым болған жағдайда, сол арыз-шағымның негізінде біз аталған автотұрақтың иесімен сөйлесуге әрқашанда дайынбыз", - дейді Түрксіб ауданы әкімі аппаратының кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Рүстем ӘРІПБАЕВ.
Халықтың зығырданын қайнатқан тағы бір мәселе - вокзал алдындағы көлік жолағының тарлығы. Әу баста дұрыс ойластырылмады дейді. Себебі күндіздің өзінде ұзын-сонар кептеліс пайда болатын көрінеді.
Вокзал маңында көлікті тоқтатып, жолаушылар түсіретін орын қарастырылмаған. Бірінші қатарға қойып амалдағандар қыруар айыппұл да төлеген. Сондықтан жүргізушілер ақылы тұраққа қоюға мәжбүр. Әзірге бұл мәселенің қалай және қашан шешілері белгісіз.