Елімізде 20-дан астам жанармай құю бекеті газ құю үшін қайта жабдықталады. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне ҚР Энергетика министрлігінің мамандары айтты.
Елімізде 20-дан астам жанармай құю бекеті газ құю үшін қайта жабдықталады. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне ҚР Энергетика министрлігінің мамандары айтты.
"Осы жылдың наурыз айында министрлік мұнай өнімдері бөлшек саудасы нарығының қатысушыларымен бірге мотор отыны ретінде газды қолдану жөніндегі ынтымақтастық саласында өзаратүсіністік туралы меморандумға қол қойды. Меморандумды орындау шеңберінде "ҚазМұнайГазӨнімдері" ЖШС алты облыстағы "ҚазМұнайГаз" желісінің 21 бекетін газ құю бекеті ретінде қайта жабдықтауды жоспарлады", - делінген Энергетика министрлігінің Tengrinews.kz-тің ресми сауалына қайтарған жауабында.
Министрлік сұйытылған мұнай газына лайықталған автокөлік өндіру мен сату мүмкіндігі жөнінде ақпарат алу үшін отандық автокөлік өндірушілермен хат алмасып жатыр. Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда 466 май құю бекеті көлікке газ толтыра алады. Мұндай станциялардың саны Ақмола облысында - 22, Алматы облысында - 28, Атырау облысында - 23, Шығыс Қазақстан облысында - 7, Жамбыл облысында - 9, Батыс Қазақстан облысында - 22, Қарағанды облысында - 47, Қостанай облысында - 8, Қызылорда облысында - 32, Маңғыстау облысында - 122, Павлодар облысында - 14, Солтүстік Қазақстанда - 70 және Оңтүстік Қазақстанда - 34.
Бұған дейін газ құю қызметінің арзандығына байланысты қазақстандықтардың Ресейде автокөлігіне газ-баллон жабдығын орнатып алғанды артық көретіні хабарланған еді. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда автокөліктерді газға жаппай көшіру 2017 жылға қарай ғана қолға алынуы мүмкін.