Алматы облысында шамамен 20 жыл бұрынғы кісі өлтіру ісі бойынша тергеп-тексеру аяқталды. Прокуратура қызметкерлерінің бастамасымен қылмысқа қатысқан сыбайлас анықталып, жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Алматы облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
2006 жылғы қыркүйекте Алматыда үш адам такси жүргізушілері ретінде Қырғызстан азаматын автокөлікке отырғызған. Олар әйелді буындырып өлтіріп, жеке заттарын ұрлап, мәйітін "Алматы – Қапшағай" тасжолына тастаған.
2007 жылы екі сыбайлас сотталып, ал үшінші адамға қатысты іс жүргізу тоқтатылған. Қылмыстық іс мұрағатта болып, талаптарға қарамастан өткен жылдардағы ашылмаған кісі өлтірулер тізіміне енгізілмеген.
Алматы облысы прокуратурасының қызметкерлері Аида Иманалиева мен Әлия Сәрсекеева өткен жылдардағы істерге мониторинг жүргізу барысында негізсіз тоқтатылған іс жүргізу мен қылмыскерді іздестіруге тиісті бақылаудың болмағанын анықтады.
"Деректер базасы жан-жақты салыстырылып, қосымша мәліметтер сұрату арқылы күдіктінің Қарасай ауданындағы нақты орналасқан жері анықталды", - дейді қадағалау органы.
2025 жылғы 9 шілдеде күдікті ұсталған. Дәлелдемелер жиналғаннан кейін іс сотқа жолданған.
Таяуда сот айыптау үкімін шығарып, кінәлі адам 16 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!