Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек парламент мүшесі ретіндегі міндетін 20 миллион теңге жалақыға лайықты атқарып жүрмін деп есептейді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Президенттің Жолдауынан кейін Үкімет кулуарында журналистер депутаттардан бір палаталы Парламент құру туралы пікірлерін сұрады. Мәжілісмен Бақытжан Базарбек бұл реформадан тек артықшылықтарды көрген.
"Мен мүлде минус көріп тұрған жоқпын. Мұнда қаржы үнемдеу де бар, заңдарды қабылдау жылдамдығы да бар, бұл - заң шығару процесінің тиімділігі, плюрализм, саяси өмірге, сайлауларға қатысу мүмкіндігі", – деді Базарбек.
Журналистер: бір палаталы Парламентте қанша депутат болуы мүмкін (қазір Мәжілісте – 98, Сенатта – 50) деп сұрады.
"Нақты айта алмаймын, мүмкін жаңа Парламентте 120-130 депутат болатын шығар", – деп жауап берді ол.
Парламентарийлердің жалақысы үнемделген қаржы есебінен көтерілетін-көтерілмейтіні туралы сұраққа депутат тек өз атынан жауап бере алатынын жеткізді.
"Жеке өзім рөлімді орындаймын және жеке өзімнің жалақым, кем дегенде, 20 миллион болуы керек деп есептеймін. Өйткені мен 20 миллионға татитын жұмыс істеп жүрмін", – деді Базарбек.
Еске салайық, бүгін Президент Қазақстанда парламенттік реформаны өткізуді ұсынды. Бұл мәселе бойынша референдум 2027 жылы өтуі мүмкін.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!