Жамбыл облысында Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы делдал болғаны үшін сотталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Антикорға сілтеме жасап.
Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы С. Үкімбаевқа, Тараз қаласының тұрғындары Э. Мұрадовқа және Т. Телеуовқа қатысты үкім шығарды.
"Мұрадов пен Телеуов қалалық қаржы бөлімінің лауазымды адамдарына бұрын тәркіленген және соттың шешімі бойынша жойылуға жататын темекі өнімін бергені үшін 200 мың АҚШ доллары сомасында пара бергені үшін, ал Үкімбаев - парақорлыққа делдал болғаны үшін кінәлі деп танылды", - делінген хабарламада.
Сот үкімі бойынша, Мұрадовқа 10 жыл, Телеуовқа - 9 жыл, Үкімбаевқа 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, Үкімбаев өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан айырылды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!