ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды, - деп хабарлайды primeminister.kz.
ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды, - деп хабарлайды primeminister.kz.
ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның ЖІӨ 4,2 пайызға артқанын атап өтті.
"Қазақстан экономикасы биржалық тауарларға баға жағдаятының тұрақтануы, Қазақстанның негізгі сауда серіктесі елдеріндегі экономикалық белсенділіктің артуы, сонымен қатар әлемдік экономиканың өсімі тұрғысынан дамыды", - деді Тимур Сүлейменов.
Есеп беру кезеңінде өнеркәсіпте 7,8 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісінде 3,1 пайызға өсім байқалды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 5,9 пайызға артты. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі 11 пайызға ұлғайтылды.
Өндірістік сектормен қатар, қызмет көрсету саласы мен бөлшек саудада да өсім байқалады. Еліміздің қаржы нарығында тұрақты жағдай сақталып отыр. Еліміздің халықаралық қоры 2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда, 1,9 пайызға ұлғайған.
Бірінші жартыжылдықтағы қаржы саласындағы жағдай туралы ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары О. Смоляков баяндады.
ҚР қаржы министрінің орынбасары Б. Шолпанқұлов республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыс және кіріс бөліктері туралы, ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қалыпқа келтіру үшін банк секторын сауықтыру шаралары туралы баяндады.
Мемлекеттік бюджеттің кірістері трансферттерді есептемегенде 3 407,2 млрд теңгені немесе жоспар бойынша 106,8 пайызды құрады. Республикалық бюджет бойынша кірістердің орындалуы - 103,8%, жергілікті бюджет бойынша - 114,3 пайызды құрады.
ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев еліміздің биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қарау қорытындысын шығара отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдарға Мемлекет басшысының экономика өсімін одан әрі қамтамасыз ету үшін берген тапсырмаларын шешу бойынша жүйелік шараларды жалғастыруды тапсырды. Бұдан өзге, бюджеттік қаражаттарды игеруге тұрақты негізде мониторинг жүргізу қажет.