2026 жылы Қазақстанда ең төменгі зейнетақы мөлшері артады. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған 2026–2028 жылдарға арналған мемлекеттік бюджетте қарастырылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Толығырақ
2026 жылы Қазақстандағы ең төменгі зейнетақы 69 049 теңгеге дейін өседі. Қазіргі мөлшері – 62 771 теңге, яғни өсім 6 278 теңге болады.
Базалық зейнетақы төлемі де көбейеді. 2025 жылы ол 32 360 теңге болса, 2026 жылы 35 596 теңгеге дейін көтеріледі. Өсім – 3 236 теңге.
Анықтама: 2018 жылдан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі әрбір алушыға оның зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай жеке есептеледі.
Зейнетақы неден құралады?
Қазіргі уақытта Қазақстанда зейнет жасы ерлер үшін 63 жас, әйелдер үшін 61 жас (2028 жылға дейін осылай қалады). Қазақстандағы зейнетақы үш бөліктен тұрады:
- Ортақ зейнетақы – 1998 жылға дейін жұмыс істеп, бұрынғы жүйеге жарна аударғандарға мемлекет төлейтін бөлігі.
- Базалық зейнетақы – барлық зейнеткер алатын мемлекеттік төлем. Оның мөлшері еңбек және сақтандыру өтіліне байланысты.
- Жинақтаушы зейнетақы – адамның өзі БЖЗҚ-да жинайтын қаражаты: жалақысының 10 пайызы ай сайын жеке зейнетақы шотына аударылады.
2026 жылы индексациядан кейін ең төменгі зейнетақы 104 645 теңге, ал ең жоғарысы 238 412 теңге болады.
Орташа көрсеткіштер
Бюджет жобасында орташа көрсеткіштер де келтірілген. Құжатқа сәйкес:
орташа зейнетақы:
- 2026 жылы – 103 687 теңге,
- 2027 жылы – 108 940 теңге,
- 2028 жылы – 113 995 теңге болады;
орташа базалық зейнетақы:
- 2026 жылы – 54 082 теңге,
- 2027 жылы – 58 276 теңге,
- 2028 жылы – 61 527 теңге болады.
Бұл сомалар жыл сайын біртіндеп өсіп отырады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!