Алматы метросы 22 қыркүйек күні жолақы құнын 50 пайызға азайтады. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы метросы 22 қыркүйек күні жолақы құнын 50 пайызға азайтады. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы метросының басшылығы 22 қыркүйек күні әлем бойынша аталып өтетін Автомобильсіз күн шарасына қатысуды ұйғарған. "Біз бұл қозғалысқа қосыламыз. Адамдардың бір күнге өз көлігін үйде қалдырып, қоғамдық көлікке отырғанын немесе велосипед тепкенін қалаймыз. Осы бір күннің өзі қаламыздың экологиясының пайдасына шешіледі", - дейді баспасөз қызметінің өкілдері.
Бұл күні Алматы метросы штаттық режимде - 06.20-дан 23.00-ке дейін жұмыс істейтін болады, жолақы құны 50 пайызға арзан болады. Акция жетоны бар жолаушыларға ғана қатысты, яғни смарт-картасы бар жолаушылар екі есе арзан жолақымен жүріп көргісі келсе, жетон сатып алуы керек.
Бұған дейін Алматы метросының жолаушылар үшін әдеттегіден 10 минутқа ерте ашылатыны хабарланған еді. Компанияның ресми сайтында тұрғындардың бірі өтініш жасағаннан кейін осындай шешім қабылданды. Бұрын станциялардың есігі 06.30-да ашылса, кейін 06.20-да ашылатын болды. Ал пойыздардың кестесі өзгерген жоқ. Алматы метросы 2011 жылдың 1 желтоқсанында ашылған болатын. Қазіргі уақытта жеті бекет жұмыс істеп тұр. 2014 жылдың соңына дейін Алматы метросының тағы екі жаңа станциясы ашылуы тиіс.