Мектеп директоры мен бас есепшісіне қатысты үкім шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына сілтеме жасап.
Мән-жайы
Сот мәліметінше, мектеп директоры бас бухгалтермен бірлесіп, қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, 2015 жылғы қазаннан 2024 жылғы тамызға дейін мекемеде іс жүзінде жұмыс істемеген алты еден жуушыны негізсіз табельге енгізіп отырған. Нәтижесінде шамамен 29 миллион теңге көлемінде қаражатты иемденіп, ұрлық жасаған.
Бұдан бөлек, мектеп директоры 2015–2024 жылдар аралығында заңсыз жеке-дара шешім қабылдап, 501 білім алушыға білім беру қызметтерінің ақысына жалпы сомасы 183 миллион теңге көлемінде жеңілдіктер беру туралы бұйрық шығарған. Мектеп жарғысына сәйкес мұндай жеңілдіктер қарастырылмаған, себебі оқу ақылы негізде жүзеге асырылған.
"Осылайша, С. қызметтік өкілеттіктерін қызмет мүдделеріне қайшы пайдаланып, өзге тұлғаларға пайда мен артықшылықтар беру мақсатында әрекет етіп, мектептің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірген", - деп хабарлады сот.
Сонымен қатар, 2018 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 31 мамырға дейін мектеп директоры мен бас бухгалтері мектеп жанынан "0" сыныптарды ұйымдастырып, ата-аналардан ақылы қызметтер үшін қолма-қол ақшаны бақылау-касса аппаратын қолданбай қабылдаған. Түскен қаражат мектептің есепшотына енгізілмей, бухгалтерлік есепте көрсетілмеген. Нәтижесінде 305 миллион теңге көлемінде қаражатты иемденіп, жұмсаған.
"Бұған қоса, 2021–2024 жылдары мектеп директоры жазғы лагерь қызметтері үшін алынып, есепте көрсетілмеген, аса ірі мөлшердегі 25 миллион теңге қаражатты иемденген.
Сондай-ақ, 2017 жылғы қазаннан 2024 жылғы мамырға дейін директор шетелдік мұғалімдердің жалақысын жасанды және негізсіз түрде көтеру арқылы, делдалдар арқылы мектеп қаражатын жалпы сомасы 75 миллион теңгеге иемденгені анықталды.
Мектеп бухгалтері 2017–2024 жылдары қылмыстық жолмен алынған бюджет қаражатын заңдастыру мақсатында шамамен 176 миллион теңгені жеке депозиттік шотына аударып, 9 миллион теңге көлемінде сыйақы алған".
Сотталушылар кінәсін мойындамады. Қорғау тарапы олардың әрекеттерінде қылмыс құрамы болмауына байланысты ақтауды сұрады. Сотталушылардың кінәсі жәбірленуші өкілдерінің, куәлардың айғақтарымен, мамандардың қорытындыларымен және сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алынған заттай дәлелдемелермен дәлелденді.
Сот үкімі
Сот оларды сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және ысырап ету, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру бойынша кінәлі деп таныды.
"Мектеп директорына 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сонымен қатар екі қабатты тұрғын үйі, автотұрақ орны мен зергерлік бұйымдары тәркіленді. Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының мзейнеткерлік жаста болуын ескерді (65 жас).
Бухгалтерге 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, автокөлігі, автотұрақ орны мен зергерлік бұйымдары тәркіленді. Кәмелетке толмаған үш баласының болуына байланысты бас бостандығынан айыру жазасын өтеу 1 жылға кейінге қалдырылды", - делінген сот мәліметінде.
Азаматтық талап 588 миллион теңге көлемінде қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!