Үйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) жетекшісі деген күдікке ілінген StavkaBet букмекерлік кеңсесінің құрылтайшысы Нұрдәулет Сейсенбаев Грузияда әзілкеш Александр Меркулдің стендап кешінде көзге түсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ол әзілкешпен әңгімеде Қазақстанда өзіне ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және заңсыз ойын бизнесін жүргізді деген айып тағылып отырғанын айтқан. Айып дәлелденсе, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі бар.
Бас прокуратураның Tengrinews.kz-ке берген ресми жауабына сәйкес, Сейсенбаевты Грузиядан экстрадициялау мәселесі әлі де қаралып жатқан көрінеді. Бұған дейін Қазақстан тарапы оны беру туралы сұрау жолдағанымен, бұл өтініш әзірге мәні бойынша қаралмаған. Сондай-ақ, оған Грузияда қамауға алумен байланысты емес бұлтартпау шарасы қолданылған.
Бас прокуратура екі ел арасындағы экстрадиция мәселелері 1993 жылғы құқықтық көмек туралы конвенция аясында жүзеге асатынын атап өтті.
Айта кетейік, Нұрдаулет Сейсенбаев 2019 жылдың қыркүйегінде Интерпол арқылы Грузияда ұсталған, алайда сол кезде грузин соты Қазақстан ұсынған дәлелдерді жеткіліксіз деп танып, экстрадициядан бас тартқан. Сейсенбаевқа қатысты іздеу ісі 2019 жылдың тамызында Актөбе облысында тіркелген.
qamqor.gov.kz
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!