ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті "Өзен көлік құрастыру зауыты" ЖШС басшылығына қатысты азаматтардың қаражатын үлескерлік құрылыс ретінде заңсыз тарту деректері бойынша тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚМА мәліметінше, екі жыл бойы компания басшылығы Жаңаөзенде "Astana Rich Village" тұрғын үй кешенінің құрылысын қажетті рұқсат құжаттарынсыз, жобалық-сметалық құжаттамасыз, мемлекеттік сараптама мен авторлық қадағалаусыз жүргізген.
Азаматтардың қаражатын тарту мақсатында түрлі интернет-ресурстарда пәтерлердің нарықтан төмен бағамен сатылатыны туралы жарнама орналастырылған. Нәтижесінде 23 азаматпен жалған алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалған. Заңсыз тартылған қаражаттың жалпы көлемі 303 миллион теңгеден асты.
Түскен ақша құрылыс материалдарын сатып алғандай көрініс жасап, кәсіпорын кассасынан қолма-қол ақшаға айналдырылып, шын мәнінде жеке қажеттіліктерге жұмсалған.
Тұрғын үй құрылысы аяқталмаған.
"Залалды өтеу және жәбірленуші үлескерлердің мүдделерін қорғау мақсатында сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі мүлікке — тұрғын үй, пәтер, 2 автокөлік және 3 жер учаскесіне — тыйым салынды. Күдіктілердің бірі қамауға алынды, екіншісіне бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылды", - делінген хабарламада.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!