Қазақстандықтар бірнеше күннен бері Tesla Education білім беру орталығы төңірегіндегі дауды талқылап жатыр. Астана мен Алматыда жүздеген ата-ана оқу сыныптары жабылғанын және ақшасын қайтара алмай жүргенін айтқан. Бұл жағдайға қатысты ірі көлемдегі алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Полиция не дейді?
Алматы полициясы азаматтардың шағымдары негізінде қылмыстық іс тіркелгенін растады. Қазіргі іс ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі "Екі немесе одан көп адамға қатысты жасалған алаяқтық” бойынша тергеліп жатыр.
Полиция тарапынан барлық мән-жайларды жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатқаны айтылды.
Не болған?
Алматыда ата-аналар орталықтағы оқу процесі уәде етілген деңгейге сәйкес болмағанын, сабақтардың жиі тоқтатылғанын айтады. Шартты бұзып, ақшаны қайтармақ болғанда, қиындықтарға тап болған.
Алғашында орталық қаражатты 30 күн ішінде қайтарамыз деген. Кейін ата-аналарға нақты қайтару күні көрсетілген кепілдік хаттар берілген, бірақ қаражат ол уақытта да қайтарылмаған.
Осыдан кейін ата-аналар полицияға жүгінген. Жекелеген өтініштер қаралмаған соң, 70-тен астам адам бірігіп, ұжымдық арыз жазған. Сол арыздан кейін іс ресми түрде тіркелген.
Орталықтың жауабы
Даудан кейін орталық Instagram-парақшасында ата-аналарға үндеу жариялап, ақшаны толық қайтарамыз деп уәде берген.
Орталық "өз қызметкерлерінің ешқандай алаяқтық немесе жеке пайда үшін әрекет етпегенін" айтып, ата-аналардан түсіністік танытуды сұрады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!