Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов ҰҚК-нің шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешовке қатысты жасаған мәлімдемесіне пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов ҰҚК-нің шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешовке қатысты жасаған мәлімдемесіне пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Айта кетейік, ҰҚК өкілдері Төлешовтің өткен жылдан бері билікті зорлықпен басып алуға дайындық жұмыстарымен айналысқанын мәлімдеген болатын. "Оның жоспарлары елдегі жағдайды шиеленіс ошақтарын құру, наразылық акцияларын және жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру жолдарымен тұрақсыз етуге негізделген", - деді ҰҚК өкілдері.
Әбеновтің айтуынша, ҰҚК мәлімдемесі ұлттық қауіпсіздік органдарының қаншалықты шынайы жұмыс істейтінін көрсетеді.
"Мәлімдеге мән беру керек. Біз білмейтін көп дүние бар. Дегенмен, Төлешов ұсталған кезде бұл жағдайдың қылмыспен ғана емес, елде тұрақсыздықтың болуына бағытталған қандай да бір күштің қолдауына да қатысы бар екені туралы әңгімелер айтылып жүрді. Төлешов ұсталған кезде, яғни қаңтар-ақпан айларында қазір елімізде болып жатқан оқиғалар туралы әңгіме болған жоқ. Жағдай тұрақты болды. Сол кезде ұлттық қауісіздік органдарының пікірлерінде оның ұсталуымен байланысты маңызды мәселелердің бар екенін айтуы және бүгін мәлімдеме жасауы қоғамға мәселенің бақыланып отырғанын білдіру деп ойлаймын", - деді ол.
Сонымен қатар, Әбенов Төлешовтің кезінде түрлі қызметте болғанын, соның ішінде Террорлық қауіпті сараптау орталығының уәкілдігін басқарғанын да айта кетті. "Менің ойымша, ұлттық қауіпсіздік органдарының мұндай мәліметті беруі дұрыс. Себебі, халықтың тиісті органдардың мемлекет қауіпсіздігімен байланысты барлық оқиғаны, белгілі бір топтардың байланысын, олардың әрекетін бақылап отырғанын білуі - біріншіден, халықтың тыныштық сақтауына, екіншіден, жағдайға қатысты бұрмалаушылықтың болмауына септігін тигізеді", - деді қоғам қайраткері.
Мұрат Әбенов Ақтөбедегі оқиғалардың фонында ҰҚК-нің Төлешовке қатысты мәлімдеме жасауы "барлық процестің мемлекеттік органдардың және құқық қорғау органдарының бақылауында болуы және белгілі бір тергеу жұмыстарынан кейін осындай ақпараттың берілуі адамдарға белгілі бір сенімділік береді".
"Төлешовтің ісі бойынша жасалған мәлімдеменің деңгейі жоғары екеніне сенімдімін. Сонымен қатар, Ақтөбедегі жағдайға қатысты тергеу ісі де барынша ашық жүреді деп күтіліп отыр. Менің ойымша, бірінші мәселе - қауіпсіздік. Екіншісі - халықтың арасында дүрлігудің, қорқыныштың болмауы. Мұндай актілерді ұйымдастырушылар ең алдымен адамдардың арасында бір-біріне сенімсіздік, қорқыныштың пайда болуын көздейді. Құқық қорғау органдары елдегі жағдай туралы ақпарат беріп, фамилияларды атаса, бұл азаматтардың сенімділігін арттырады. Олар Ақтөбедегі оқиғаларға кінәлілердің де аты-жөндері аталып, тиісті шаралар қолданылатынына сенім артады", - деді Әбенов.