Алматыда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы мен ҰҚК қашып жүрген банкир Мұхтар Әблязовпен сыбайлас болды делінген төрт күдіктіні ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ұлттық бюроның сайтына сілтеме жасап.
Алматыда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы мен ҰҚК қашып жүрген банкир Мұхтар Әблязовпен сыбайлас болды делінген төрт күдіктіні ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ұлттық бюроның сайтына сілтеме жасап.
"13 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы мен ҰҚК ведомствоаралық жедел тергеу тобы ҚР Қылмыстық кодексінің 189 ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") және 193-баптарында ("Ерекше құндылығы бар заттарды жымқыру") қарастырылған қылмыс белгісі бойынша күдікті ретінде И.Ерімбетов, В.Соколенко, Д.Пестов және М.Зоровты ұстады. "БТА Банк" АҚ ресми өкілдерінің арызы бойынша осы аталған тұлғалардың және олардың басқаруындағы компаниялардың бұдан ертерек банктен Мұхтар Әблязов жымқырған 50 миллион доллардан асатын соманы жымқыру және заңдастыруға қатысы бар-жоғы туралы істің сотқа дейінгі тергеуі басталды. Тергеу И.Ерімбетовтен өз бақылауындағы "SKY SERVISE" ЖШС арқылы бюджеттен шамамен бір миллиард теңгені жымқырды деп күдіктеніп отыр. Сонымен қатар, Ерімбетов пен оның сыбайластары шетелде қазақстандық сот төрелігінен жасырынып жүргендердің қаржылай мүддесі үшін біріге жұмыс істеген. Олардың бірі Бельгияда жүрген туған қарындасы - Ботагөз Джардемали, сырттай сотталған Әблязовтің консультанты. Джардемали БТА Банктің қайтарымсыз екенін біле тұра 500 миллион доллар кредитті заңсыз беруіне тікелей қатысы бар. 2013 жылы оған халықаралық іздеу жарияланып, ҚР ҚК-нің 28 ("Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi"), 179 ("Билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту"), 220-баптары ("Облигацияларды орналастырудан алынған ақшаны мақсатсыз пайдалану") бойынша айып тағылған", - делінген хабарламада.
Ұсталғандар Алматы қалалық ІІД-нің тергеу изоляторына қамалды. Сот оларды қамауда ұстау және мүліктеріне тыйым салу туралы бұлтартпау шарасын таңдады.
"Тергеу ресми түрде мынаны мәлімдейді - Ерімбетов, Пестов, Соколенко және Зоровтың қорғаушыға құқығы және қамауда ұстау талаптары толықтай сақталып отыр. Күдіктілерден және олардың адвокаттарынан процесстік нормаларды бұзу туралы шағым түскен жоқ", - дейді ведомство өкілдері.
"Осыған байланысты қашып жүрген қылмыскерлер Әблязов пен Джардемалидің туыстары, күдіктілері және бақылауындағы адамдары арқылы бұл тергеудің барысын "саясиландыру" және қасақана бұрмалауға тырысуы жауапкершіліктен жалтарудың кезекті бір көрінісі ғана", - деп ескертті Ұлттық бюро.